2024 жылы облыс орталықтары мен мегаполистердегі 24 базар жөнделеді
Тағы 35 базар 2025 жылы жөнделеді
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баспасөз конференциясын өткізіп, елдегі базарларды жаңғырту туралы айтты.
Қазақстанда 2024 жылы 24 базарды жаңғырту жоспарлануда. Биыл 16 сауда алаңын қайта құру жұмыстары аяқталып жатыр. Ал 35 базар 2025 жылғы жоспарға енгізілді.
«Жаңғырту қажеттілігі бизнеспен бірге анықталды. Ресми деректер бойынша, Қазақстанда 262 мамандандырылған, 460 әмбебап объекті жұмыс істейді. 2023 жылға республикалық маңызы бар қалаларда, Астанада, облыстарда жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда қолда бар ақпаратқа сәйкес, 16-ға жуық базарда жаңғырту жұмыстары белсенді аяқталуда», - деді Арман Шаққалиев.
Сауда және интеграция министрі соңғы жылдардағы пандемия және геосаяси жағдайдың іскерлік белсенділік үшін ерекше қиын болғанын, сондықтанда, жаңғырту мерзімі екі рет кейінге ауыстырылғанын атап өтті.
«Қазір біз ағымдағы жағдай мен базар субъектілерінің мүмкіндіктерін ескере отырып, жол картасын әзірледік. Жол картасы бұл қандай да бір догма немесе қатып қалған құжат емес, ол тірі құжат екенін атап өткім келеді, біз оны бизнес мүмкіндіктері мен уақыт бойынша ағымдағы жағдайды ескере отырып түзететін боламыз. Бірде ауыстырудың объективті себептері бар болса, енді бірде инвестиция көздерін анықтау қажет», - деді Арман Шаққалиев.
Министр Министрліктің кәсіп иелерімен, базарлармен, жергілікті атқарушы органдардың әкімшілігімен өзара тұрақты іс-қимылда екенін атап өтті.
«Бізге базар регламенттерінің болмауы, жалға алу ақысының артуы, қосымша қызметтер белгілеу бойынша көптеген шағымдар келіп түсуде. Мәселелердің бір бөлігі заңнамалық деңгейде шешілді, яғни сауданы ұйымдастыру үшін меншік иелерінің дербес жауапкершілігі енгізілді, базарларға қойылатын талаптар белгіленді және қазір біз базарларды цифрландыруды жүргізіп жатырмыз», - деп атап өтті министр.