Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды
Көкшетауда жеке кәсіпкер соққыға жығылды. Полицейлер дене жарақатын алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство баспасөз қызметі мәліметінше, 2 қараша күні Көкшетауда кәсіпкерден арыз келіп түскен. Кәсіпкер өз арызында белгісіз тұлғалар денсаулығына зақым келтіргенін айтқан.
Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобының қызметкерлері алкогольге мас күйде болған үш жергілікті тұрғынды анықтады. Куәгерлердің айтуынша, тапсырыс берушілер мекеменің мүлкін бүлдірген, салдарынан жанжал шыққан. Ведомство мәліметіне сүйенсек, күдіктілер зардап шегушіге тиесілі жеке моншаға келушілер екені анықталды.
Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша кәсіпкерге сол жақ көзінен төмен қарата бет сүйегінің сынуы диагнозы қойылған. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабының 2-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.