Бүгінде 12 мыңға жуық сарбаздың 4,8 млрд теңге қарызы бар
Қорғаныс министрлігі Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбековтің мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді несие алуға мәжбүрлейді деген сөзіне түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бұған дейін депутат әскери міндетін өтеп жүргенде сарбазға мәжбүрлеп несие алғызу дерегі болғанын айтқан.
Әскери қызметшілерге тоқталайын. Несие алуға мораторий енгізуді ұсынамыз. Мұнда мәселе сарбаздарға қатысты. Себебі біз мерзімді қызметтегі сарбаздарға несие беруге толық тыйым салғымыз келеді. Әскери міндетін өтеп жүрген сарбазға мәжбүрлеп несие алғызу фактілері бар. Сарбаздарды тиісті деңгейде қамтамасыз етіп отырмыз. Сондықтан олардың несие алуына негіз жоқ, - деген еді Ерлан Стамбеков.
Алайда депутаттың сөзі Қорғаныс министрлігіне ұнамай қалды.
Заң шығарушы билік өкілінің мәлімдемесі негізсіз және шындыққа жанаспайды. Мерзімді қызметтегі сарбаздардың әскери қызмет өткеру кезеңінде әскери бөлімде жүріп несие ресімдеуге мүмкіндігі жоқ, - деп жазылған хабарламада.
Ведомство мәліметінше, бүгінде мерзімді әскери қызметке шақырылғанға дейін жастардың алған несиесі қомақты сомаға тең.
«Қарулы Күштер қатарына келгенге дейін 12 мыңға жуық сарбаздың екінші деңгейдегі банктер мен микрокредиттік ұйымдарда 4,8 млрд теңге көлеміндегі 30 мыңға жуық несиесі болған. Барлық несие мен ақшалай қарыз кейінге қалдыру мәселелерін шешу үшін Қорғаныс министрлігі мерзімді қызметтегі сарбаздарға арналған «кредиттік демалыс» жобасына бастамашылық жасап, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келісім жасасты. Нәтижесінде 5 мыңнан аса сарбаздың банктерде және микрокредиттік ұйымдардағы 1,4 млрд теңгеден аса қарызы шегерілген. Бұл жұмыс тұрақты жүргізіліп жатыр», – деп жазылған хабарламада.
Министрлік депутаттың мәлімдемесін жауапсыздық деп есептейді.
Фактілермен расталмаған мәлімдемелер Қарулы Күштердің имиджіне едәуір әсер етіп, армияның беделін түсіреді. Біз мұндай жариялы түрде жасалған мәлімдемені жауапсыздық деп есептейміз, - деп жазылған хабарламада.