Қазақстан Палестина халқына 1 млн доллар гуманитарлық көмек береді

Дәурен Ерболат

Газа секторындағы мәселені бейбіт жолмен шешу керек

Газа секторы. Фото: Reuters/Mohammed Fayq Abu Mostafa

Қазақстан Палестина халқына 1 млн доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлады Ақорда.

Оның айтуынша, Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына төраға ретінде өзара іс-қимылды жандандыруға баса мән береді. Сондай-ақ түрлі саладағы байланысты орнықтыруға, ұйымның халықаралық беделін көтеруге де күш салады.

Түркі бірлігін таныту үшін біздің төрағалығымыз «ТҮРКІ ДӘУІРІ!», яғни TURKTIME! ұранымен өтеді.  Осыған орай, салт-дәстүр (Traditions), біріздендіру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) атты 8 мәселеге басымдық беріледі. Бұл басымдықтар ұйымның 20-саммитіне дейінгі он жылды қамтитын қысқа және орта мерзімге арналған, - деді мемлекет басшысы Астанада өтіп жатқан жиында.

Жетінші басымдық аясында еліміз Газа секторына гумитарлық көмек жібереді.

Медиацияның (Mediation) рөлін арттыру – өзекті мәселе. Қазір айналамызда күрделі ахуал қалыптасып отыр. Солтүстікте Ресей мен Украина, Таяу Шығыста Израиль мен Палестина арасында қанды қақтығыс болып жатыр. Ауғанстанның жағдайы да тұрақсыз. Батыста заңсыз көші-қон мәселесі ушығып тұр. Бүгінде Газа секторындағы бейбіт тұрғындар, әсіресе, балалар және қарттар жанжал азабын шегіп жатыр. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Осыған байланысты Қазақстаннан Палестина халқына 1 млн доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдадым, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық көрсету және лаңкестік әдістер арқылы шешу мүлде дұрыс емес.

Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Ахуал ушығып кетсе, оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Бұл ретте кез келген жанжалды бейбіт келіссөз және дипломатиялық диалог арқылы ғана шешуге шақырамыз. Біз үшін әр елдің аумақтық тұтастығын сақтау және оның ішкі ісіне қол сұқпау – басты басымдық. Халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын мүлтіксіз орындау маңызды, - деді президент.

Айта кетсек, қазір Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммиті өтіп жатыр.