Шешімді президент қабылдады
Елордадағы орталық көшенің біріне мажар ақыны Шандор Петефидің аты берілді, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Салтанатты іс-шараға премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Мажарстанның Сыртқы істер министрі Петер Сийярто қатысты.
Атақты мажар ақынының 200 жылдық мерейтойына орай оның атын елордамыздың көшесіне берудің символикалық маңызы бар. Бұл достық қарым-қатынасымызды нығайтып, қос ел арасындағы мәдени байланысты дамыту үшін маңызды, - деді Қазақстанның Сыртқы істер министрі.
Петер Сийярто Қазақстан Үкіметі мажар ақынының құрметіне көше атын беріп, Мажарстанға зор құрмет көрсеткенін жеткізді.
Біз қазақ халқының Мажарстанға деген жоғары құрметін көріп отырмыз. Шандор Петефи еркіндікке деген құштарлығымен танымал, данышпан адам болды. Бұл еркіндік сезімі сіздерге де тән, – деді венгриялық министр.
Елордадағы көшеге мажар ақынының атын беру туралы шешімді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады.
Айта кетейік, Шандор Петёфи – атақты венгр ақыны, мәдениет қайраткері.