«Апат болатынын ескерткен»: туыстары шахтада қаза тапқан тағы бір кенші туралы айтты

Халық үні

Марқұмның қайын апасының айтуынша, кенші апаттың ортасында болған.

Фото: Кеншінің туыстары ұсынған сурет

Костенко шахтасында болған апатта қаза тапқан 34 жастағы Есдәулет Семсерханның жақындары Massaget.kz тілшісіне сұхбат берді.

Есдәулет Семсерхан 1989 жылы дүниеге келген. Ол тау-кен саласы бойынша білім алып, артынша мамандығы бойынша осы шахтаға жұмысқа кірген. Марқұмның артында аяғы ауыр жұбайы мен бір баласы қалды. Марқұмның қайын апасының айтуынша, кенші апаттың ортасында болған.

«Есдәулетіміз өте ақылды бала еді. Сіңілім екеуі үлгілі, еңбекқор отбасы болды. Тағы бір баласын ай санап күтіп отырған кезде өмірден өтіп кетті. Не де болса баламыз батырларша жан тапсырды», - деді туысы.

Апат болғаннан кейін кеншілердің туыстарының арасында бір аудиожазба тараған. Олардың айтуынша, аудиода жігіт апат болатынын айтып, тезірік шахтадан шығу керегін айтқан. Марқұмның туыстары «бұл біздің Есдәулетіміздің дауысы» дейді.

«Маған ол аудио жазбаны жолдасым тыңдатты. Аудиожазбаның рас-өтірігін білмеймін. Алайда шынымен біздің баламыздың дауысына қатты ұқсайды. Оның арқасында басқа кеншілер шахтадан шығып үлгерді. Ол хабарламаса, мүмкін одан да көп адам қаза табар ма еді?!»-, дейді марқұмның туыс қайын апасы.

Рация арқылы жазылып, таралған аудиожазбада Есдәулет Семсерханның даусы екені әлі расталмады. Алайда туыстарының айтуынша, сол рациядан кейінгі хабарламадан соң 7 минуттан кейін жарылыс болған. Есдәулет Семсерхан шахтадан соңғы болып шығарылған кеншілердің қатарында.