Halyq Uni логотип
×

Сенатор: Архивін сақтамаған ел – тарихы тоналған ұлтқа, жады жоғалған жұртқа айналады

Дархан Қыдырәлі архив саласының қауіпсіздігі туралы мәселе көтерді

 Халық үні 02.11.2023 | 19:35
Сенатор: Архивін сақтамаған ел – тарихы тоналған ұлтқа, жады жоғалған жұртқа айналады
фото: facebook.com/darhan.hidirali

Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі архив мәселесін көтеріп, ҚР премьер-министі Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады Halyq Uni. 

Депутат келіп түскен хаттарға сүйеніп, Қазақстандағы архивтердің жағдайы көңіл көншітерліктей емес екеніне тоқталды. 

БІРІНШІ МӘСЕЛЕ - АРХИВ САЛАСЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ

Елімізде архив құжаттарын сақтандыру қорын қалыптастыру мен оны сақтау бойынша заңнамалық талаптар тиісті материалдық-техникалық жағдайдың болмауына байланысты жүзеге аспай келеді. Республика бойынша архив қоймаларының 90%-дан астамы толып қалған. Кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 100% болуына байланысты құжаттар сақтауға қабылданбайды. Архивтердің 98% заңнама талаптарына сай келмейтін ғимараттарда орналасқан. 2022 жылы қаңтар айында Алматы, Талдықорған, Қызылорда, Тараз қалаларының ведомствалық архивтері отқа оранды, қаншама құнды құжат жанып кетті. Түрлі апаттар мен төтенше жағдайларда құжаттарды эвакуациялайтын арнайы орындар жоқ. Сондықтан архив қоймаларын кеңейту, құжаттарды қорғау, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды ескере отырып архивтер үшін арнайы ғимараттар салу ісі ұлттық мұраның сақталуы тұрғысынан маңызды міндет, - деді Дархан Қыдырәлі. 

Сенатор өркениетті елдердің мұрағат ісіне қаншалықты мән беріп отырғанын айтты. Мәселен, Ресей, Түркия, Өзбекстан сияқты іргелес елдерде архив ісі тікелей сол елдің президентіне немесе премьер-министр кеңсесіне қарайды екен. 

Елімізде құзіретті органның өкілеттігінің жетпеуінен түрлі бюрократиялық кедергілер туындап отыр. Архивтердегі құжаттарды сақтау мәселесі де сын көтермейді. Олардың басым бөлігінде талаптарға сай келетін тиісті қор сақтау қоймалары, тіпті қарапайым құрал-жабдықтар жоқ. Соның салдарынан құнды құжаттар қолдануға жарамай қалады. Арнайы мамандар тапшы болғандықтан, реставрациялық жұмыстар да жүргізілмейді. Елімізде 229 мемлекеттік және арнаулы архив жұмыс істейді екен. Оларда жалақы аз, жүктеме көп болғандықтан кәсіби мамандар тұрақтамайды. Өңірлерде ауысым 50% құрайды.

Орталық мемлекеттік архивтердің штат саны мен бекітілген еңбек нормасы жоқ. Әрбір архив «цифрландыруды» жүйесіз, қызметкерлердің біліктілігіне байланысты әртүрлі жүргізеді. Ұлттық бағдарламар арқылы елге әкелінген көптеген құжаттар әлі жеке қолдарда жүр. Оларды ұлттық архивке өткізу міндеттелмеген, - деді депутат. 

Сенатор «Архив – 2025» бағдарламасын қайта қарау қажеттігі туындап отырғанын айтты.  

Сондай-ақ ұлттық архив саласындағы ахуалды саралай келе төмендегідей сауалдар туындайды: 

  • Архивтерді тиісті ғимараттармен қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? 
  • Төтенше жағдайларда архивтерді эвакуациялайтын орындар мен нақты пысықталған жоспар бар ма? 
  • Өңірлерде, оның ішінде жаңадан құрылған облыстарда архив саласын дамыту үшін республикалық бюджеттен трансферттер бөлу көзделген бе?

«Архивін сақтамаған ел – тарихы тоналған ұлтқа, жады жоғалған жұртқа айналады. Бұл ретте тиісті ғимараттардың ескіргені, құзырлы орынның өкілеттігінің жеткіліксіздігі, қаржыландыру мен штаттың аздығы, жалақының төмендігі сияқты себептерге байланысты архивтерге мемлекеттік қолдау көрсету қажеттілігі айқын сезіледі», - деді сенатор.

Сенат депутаты жоғарыда аталған мәселелерге қатысты ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың жазбаша жауап беруін сұрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама