Бір аптада Атыраудағы кешен жаңа марканың 1 мың тоннасын өндірді
«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» (KPI) газ-химия кешені полипропиленнің жаңа маркасын өндіруді бастады, деп хабарлады Halyq Uni.
Полипропиленнің PP H031 BF/7 деп аталатын түрі биаксиалды пленканы өндіруге арналған. Одан еліміз бен Еуропада тамақ өнімдері мен күнделікті тұрмыста қолданылатын тауарларға арналған полимерлі пленка қаптамаларын, этикеткаларды және скоч таспасын өндіреді. BOPP пленкасы жоғары тосқауылдық қасиетке ие, төзімді және адам денсаулығына зиянсыз. Сондай-ақ полипропиленнің PP H031 BF/7 маркасынан фотосуреттердің сыртын қаптайтын, кеңсе тауарлары мен гүлдерді орауға арналған пленкалар жасалады. Мамандар жаңа марканың күрделі процесстен өткенін, сапасы жоғары екенін айтады.
Біз өндіріп жатқан PP H031 маркасы еліміз бен шетелде жоғары сұранысқа ие. Тығыз, сапалы. Өнім жергілікті компаниялардың қажеттілігін толық өтеп, импортқа тәуелділігін жоюға мүмкіндік береді. Жаңа марканы әзірлеуде өндіріс қызметкерлерінің еңбегі зор екенін атап өткен жөн, — деді өндіріс басшысы Болат Абдуалиев.
Бір аптада Атыраудағы кешен жаңа марканың 1 мың тоннасын өндірді. Айта кетейік, КРІ зауыты бұған дейін ПП Н 030, ПП Н 120 маркаларын өндірген еді. Бүгінде дайын өнім Қазақстаннан бөлек, Түркия, Қытай, Еуропа және Ресейге жөнелтіліп жатыр.
Анықтама үшін: «KPI Inc.» ЖШС – полипропилен өндіретін интеграцияланған газ-химия кешені. Кешен Теңіз кен орнынан алынған шикізатты өңдеуге маманданған. Қуаты жылына 500-550 мың тонналық KPI зауыты полипропиленнің 64 түрлі маркасын шығаруға қауқарлы. Биыл қыркүйектің соңында барлық төрт технологиялық желі іске қосылып, тәулігіне 1,5 мың тонна өнім өндіріледі. Бүгінде бұл шикізат машина жасау, медицина, электр техникасы және басқа да көптеген салаларда сұранысқа ие.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ (ҚМГ) – Қазақстанның вертикалды интеграцияланған жетекші мұнай-газ компаниясы. ҚМГ көмірсутектерді барлау мен өндіруден бастап, тасымалдауға, өңдеуге және мамандандырылған қызметтер көрсетуге дейінгі бүкіл өндірістік цикл бойынша активтерді басқарады. 2002 жылы құрылған компания еліміздің мұнай-газ саласында Қазақстанның мүддесін қорғайды.
Айта кетейік, 2023 жылғы 18 шілдеде ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов Алматы қаласында өткен Қазақстандағы алғашқы «KPI» полипропилен өндіру кешені мен ресейлік СИБУР мұнай-газ химия саласының жетекші компаниясы ұйымдастырған «Қайта өңдеушілер күні» салалық конференциясы өтті.
Қайта өңдеушілер күні Қазақстанда полимерлерді (полипропилен және полиэтилен) ішкі тұтынуды және қайта өңдеуді дамыту мүмкіндіктерін айқындауға бағытталған. Бұл іс-шараны өткізудің маңыздылығы жаңа кәсіпорындар құрумен кластерлік тәсілдің дамуына серпін беріп, ел экономикасын нығайтуға ықпал етумен негізделеді.
Бүгінгі таңда атқарылған жұмыстың арқасында мұнай-газ химиясы жобалары үшін бастапқы шикізат бар, олар: пропан, бутан, параксилол және бензол.
Ресурстық базаны ұлғайту мақсатында Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарының шикізат базасында бірқатар газ өңдеу зауыттарын салу жоспарлануда.
Сонымен қатар қолданыстағы арнайы экономикалық аймақтың арқасында Атырау облысында қуаттылығы 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт салынды, қуаттылығы 1 250 мың тонна полиэтилен өндіретін жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
ҚР Энергетика министрлігі «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-мен бірлесіп базалық полимерлік өнім өндіруден бастап халық және өнеркәсіптік тұтыну тауарларына дейінгі барлық тізбекті құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, бұл әрбір қайта бөлуден кейін қосылған құнды арттыруға мүмкіндік береді.