Бірнеше құжатқа да қол қойылады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен келген Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанды Ақордада қарсы алды.
Екі елдің басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз өткізеді. Сол кезде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланады. Оның ішінде энергетика саласындағы байланыстар сөз болады. Бірнеше құжатқа да қол қойылады. Мәселен, бір келісімшартта Қазақстаннан келген студенттерге Stipendium Hungaricum халықаралық бағдарламасы бойынша венгр университеттерінде оқуға стипендия беру қарастырылған.
Айта кетсек, бұған дейін Орбан Қазақстанға ресми сапармен үш рет келген. Соңғы рет 2019 жылы оны Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде қарсы алды. Одан кейін екеуі 2021 жылы Ыстанбұлда, ал 2022 жылы Самарқанд қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті аясында кездескен. Ертең, 3 қарашада Астанада осы ұйымның мерейтойлық саммиті өтеді. Виктор Орбар оған да қатысады. Бұл ретте Мажарстан ұйымға бақылаушы ретінде кірген.