Halyq Uni логотип
×

«АрселорМиттал Теміртау» орнын басатын компанияның қанша қаражаты болуы керек

Үкімет салаға тек отандық инвесторларды тартуға ниетті

 Дәурен Ерболат 01.11.2023 | 18:35
«АрселорМиттал Теміртау» орнын басатын компанияның қанша қаражаты болуы керек
Фото: Halyq Uni/Дәурен Ерболат

Бүгінде «Арселор Миттал Теміртау» АҚ орнын басатын компания салаға 3 млрд доллар құюы керек. Бұл туралы ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет басшысы еліміздегі ең ірі кәсіпорынның орнын басқысы келетін инвесторға қандай талап қойылатынын түсіндірді.

(Қандай отандық инвестор келетінін – авт.) жақын арада білесіздер. Негізгі талап – үш жыл ішінде кем дегенде салаға 3 млрд доллар инвестиция құюы керек. (Инвестордың) өндірістік қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз етуі, зауыттағы барлық жабдықты жаңғыртуы, өндірісті кеңейтуі, әлеуметтік жағдайды сақтауы, жалақыны толық өтеуі маңызды. Жақын арада кем дегенде 3 млрд доллар салуы керек. Оның 1,3 млрд доллары бірден салынуы керек. Бұл өте маңызды талап, - деді Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысынан соң.

Сондай-ақ Үкімет басшысы «АрселорМиттал Теміртауды» мемлекетке қайтару шарты қашан жарияланатынын айтты.

Бүгінде ірі компанияда 30 мыңнан аса адам жұмыс істеп жатыр. Сондықтан келіссөздер біраз уақыт алды. 22 қазанда алдын ала тиісті шартқа қол қойдық. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ны Қазақстанның меншігіне өткізу шарттарын келістік. Әзірге бұл шартты жария ете алмаймыз. Өйткені, заңды рәсімдерді толықтай аяқтауымыз керек. Алдын ала жасалған келісім бойынша біз 30 қарашаға дейін, яғни бір айдың ішінде барлық рәсімді аяқтауымыз қажет. Содан кейін бар ақпаратты жариялаймыз, - деді премьер-министр. 

Айта кетейік, 2023 жылдың 28 қазанына қараған түні Костенко атындағы шахтадан өрт шығып, 200-ден астам кенші жер бетіне шығарылды. Шахтадағы апаттан 46 кенші қаза тапты. Осы қайғылы жағдайға байланысты 29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Шахтадағы апаттан кейін Қазақстан үкіметі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдады.

Костенко шахтасындағы апат тәуелсіз Қазақстан тарихындағы адам шығыны ең көп (46 адам қаза тапты) болған өндірістік апат ретінде тіркеліп отыр. Бұған дейін адам шығыны көп болған ең үлкен апат 2006 жылы Ленин шахтасында болды, ол кезде 41 кенші көз жұмды. 2008 жылы Абай шахтасында болған апаттан 30 кенші қаза тапты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама