Halyq Uni логотип
×

Қазақстан мен Нидерланд бірлескен ауыл шаруашылығы комитетін құрды

Алматыда оның бірінші отырысы өтті

 Динара Амантай 01.11.2023 | 17:48
Қазақстан мен Нидерланд бірлескен ауыл шаруашылығы комитетін құрды
Фото: АШМ баспасөз қызметі

Қазақстан мен Нидерланд ауыл шаруашылығын және агробизнесті дамыту салаларындағы мәселелерді жоғары деңгейде талқылау үшін ресми негізді қамтамасыз ететін өзара түсіністік және бірлескен ауыл шаруашылығы комитетін құру туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Құжатқа Алматы қаласындағы Agroworld Kazakhstan көрмесі аясында қол қойылды. Осыдан кейін бірден Қазақстан-Нидерланд АӨК комитетінің бірінші отырысы өтті.

Іс-шараны ашқан Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов құрылған комитеттің негізгі ережелерін айтты. Осылайша, Қазақстан мен Нидерланд өкілдері жыл сайын кездесіп, АӨК саласындағы бірлескен жобаларды одан әрі іске асыру үшін бизнес өкілдері мен мамандарды отырыстарға шақыратын болады.

Нидерланд Корольдігімен ауыл шаруашылығында ынтымақтастық біз үшін басым бағыттардың бірі және бұл саланың әлеуеті үлкен. Ауыл шаруашылығы министрлігі саладағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге және тауар айналымы көлемін ұлғайтуға мүдделі. Қазақстанның сапалы және экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге және экспорттауға мүмкіндігі зор, – деп атап өтті Азат Сұлтанов.

Оның айтуынша, биылғы 9 айда мемлекеттер арасындағы ауыл шаруашылығы тауарларының айналымы 61,7 млн доллар болған. Бұл – 2022 жылдың сәйкес кезеңімен (46,6 млн доллар) салыстырғанда, 32,4%-ға артық. Азат Сұлтанов нидерландтық әріптестеріне Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық индексінде 113 елдің арасында 32-орында тұрғанын және посткеңестік мемлекеттер арасында көшбасшы екенін айтты. Қазақстанның жақын және алыс нарықтар үшін азық-түлік жеткізушісі болуға әлеуеті жеткілікті.

Бұдан әрі вице-министр меморандум аясында ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық тараптың ұсыныстарын айтты. Біріншісі – ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты жандандыру. Азат Сұлтанов университеттер арасында студенттермен алмасу бағдарламасын ұйымдастыруды, сондай-ақ қазақстандық студенттер мен мамандарға Нидерландының аграрлық университеттерінде оқуға бірлескен гранттар бөлуді ұсынды.

Екіншісі – ветеринария саласы бойынша тәжірибе алмасу жұмыстарын жандандыру. Нидерландтық Royal GD ветеринарлық компаниясынан жануарлар ауруларының алдын алу және емдеу жолындағы жобаны іске асыруға дайындық туралы ұсыныс түсті. Ол қазақстандық тәжірибені зерделеуді және оны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуді көздейді, -деді вице-министр.

Үшінші ұсыныс – Қазақстанда тұқым шаруашылығын дамыту. Нидерландының бай тәжірибесін ескере отырып, дақылдардың тұқымын кең ауқымда өндіруде Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын зерттеу тиімді болады. Сондықтан Азат Сұлтанов комитеттен Нидерландының тарихи тәжірибесі туралы талдамалық ақпарат жіберу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі жоғарыда аталған барлық бағыттар бойынша нидерландтық әріптестермен белсенді өзара іс-қимыл жасасуға дайын. Бүгінгі отырыста қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенімдімін, - деп түйіндеді сөзін вице-министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама