Halyq Uni логотип
×

Елорданың көмір тұйықтарында көмір қоры құрылды

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС мониторингтік тобы көмір түсірілетін кірме жолдарға барды

 Динара Амантай 01.11.2023 | 17:29
Елорданың көмір тұйықтарында көмір қоры құрылды
Фото: Halyq Uni

Елорданың көмір тұйықтарында көмір қоры құрылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС мониторингтік тобы елорда тұрғындары үшін көмір түсірілетін кірме жолдарға барды. Тұрғындарға қатты отынды өткізу орындарындағы жағдай тұрақты. Қала тұрғындары суық ауа райын күтпестен көмірді алдын ала сатып ала бастады.

Кірме жол қоймасының меңгерушісі Ерлан Қашкеновтің айтуынша, көмір қоры жеткілікті, тапшылық пен қатты дүрбелең жоқ, вагондарды беру және әкету уақтылы жүргізіледі. Күніне 130-ға дейін көмір тиелген көлік шығарылады. Тұйықта халық арасында сұранысқа ие шұбаркөлдік және майкүбілік сияқты көмір сорттары болды. Шұбаркөл маркалы көмірдің құны – тоннасына 15 мың 300 теңге, Майкүбінікі – тоннасына 13 мың 800 теңге. Қатты отын күнделікті жеткізіледі.

Жылыту маусымына дайындық басталғаннан бері – биылғы 1 мамырдан 31 қазанға дейін Астана тұрғындарына 320 мың тонна көмір жеткізілді. Бұл – жоспардан 31% жоғары. Қатты отынмен 4,6 мыңнан астам вагон келді.

ҚТЖ еліміздің барлық өңірінде көмір қорларымен қамтамасыз етуге мониторинг жүргізеді. Барлық дерек бірыңғай интерактивті базаға түседі, онда кірме жолдардың техникалық сипаттамалары, түсіру қуаттары, ЖЭО қоймаларында көмірдің болуы, жұмыс режимі және көмір кесінділерін тиеу жоспарлары бойынша ақпарат жиналады және ретке келтіріледі.

Барлық көмір позицияларын тиеу жоспарларын орындау үздіксіз күшейтілген режимде жүргізіледі. Берілген өтінімдерге сәйкес, жүк жөнелтушілерді жылжымалы құраммен уақтылы қамтамасыз ету бойынша барлық мүмкін шаралар қабылданып жатыр. Көмір тасымалдауға КТТ паркінің 19,7 мыңға жуық жартылай вагондары тартылды.

Биыл 1 мамырдан 31 қазанға дейінгі кезеңде республика бойынша темір жол көлігімен 35 млн тонна тас көмір тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 237 мың тоннаға артық. ЖЭО қоймаларына 30,5 млн тонна көмір жеткізілді, өсім – 876 мың тонна. Тұрғындар үшін 4,5 млн тонна қатты отын тасымалданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама