Еліміз спортшылары 12 алтын, 13 күміс пен 23 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға шықты
Сауд Арабиясының астанасы – Ар-Рияд қаласында V Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындары мәресіне жетті, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Он бір күннің ішінде 16 спорт түрінен 1500-ден астам атлет 954 медальді өзара сарапқа салды. Оның 259-ы алтын, 259-ы күміс жүлде болса, қалған 436-сы қола медаль болды.
Қазақстан делегациясы 12 алтын, 13 күміс пен 23 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте үшінші орыннан көрінді. Көш басында Украина (21 алтын, 17 күміс, 15 қола жүлде), одан кейін соңғы жарыс күні екінші орынға көтерілген Сауд Арабиясы (12 алтын, 20 күміс, 19 қола медаль) тұр. Жалпы, биылғы Ойындарда 120-дан астам елдің 87-сіне жүлде бұйырды.
Қазақстан делегациясы үшін Ар-Риядтағы кешенді жарыстың әр күні тарихи нәтижемен есте қалып отырды. Мәселен, Ойындар бағдарламасына алғаш рет қосылған қазақ күресі мен армрестлингтен ұлттық құрама команданың спортшылары табысты өнер көрсетіп, командалық есепте бірінші орын алды. Самбо мен грэпплингтен қоржынға World Combat Games-тің алғашқы алтын жүлдесі түссе, каратэшілер бірінші рет жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жалпы, ел намысын спорттың 10 түрінен 53 спортшы қорғады.
Бұл ойындарға кейбір спорттан негізгі құрамды алып келмесек те, барынша жақсы құрам жасақтауға тырыстық. Біз үшін ұлттық спортымыз қазақ күресінің ойындар бағдарламасына алғаш рет кіргені қуантарлық жайт. Балуандарымыз жақсы нәтиже көрсетті. Дәл осылай армрестлингке қатысты айтуға болады. Ұлттық құрама алға қойылған жоспарды орындады. Осы жерде қандай кемшіліктер барын да көрдік. Енді соларды талдап, жаттықтырушылармен бірге осы бағытта жұмысты қолға аламыз,-деді ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бас маманы Келбет Нұрғазина.
Осы көрсеткіштің арқасында Қазақстан Жауынгерлік өнер ойындарының жалпы рейтингінде 37-ден үздік ондыққа кірді. Осыған дейін Бейжің мен Санкт-Петербургте өткен Ойындарды қосқанда қоржынға 1 алтын, 3 күміс және 5 қола түскен.
Ойындар кезінде 16 спорттың ішіндегі айкидо, армрестлинг, джиу-джитсу, муайтай, самбо мен саватеден (француз боксы) пара-атлеттер арасында арнайы жарыс өтті. Жекпе-жек өнерінің жанкүйерлеріне бәсекелерді ресми сайттан тікелей эфирде көрсеттік. Хабар таратушылардың арқасында 100-ден астам мемлекеттің аумағына сигнал тараттық,-деді «Спорт Аккорд», яғни Ойындар президенті Иво Ферриани.
Келесі Ойындар 2025 жылы болады.
Жарыстың қай жерде болатыны келесі жылдың басында жарияланады.