Бір айда құзырлы органдар браконьерлермен күресте 1,9 млрд теңге залалдың алдын алды

Динара Амантай

Қазақстанның заңнамаларын бұзған 5 мың 290 адам ұсталған

Фото: Halyq Uni

ҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, қазан айында мемлекеттік шекараны күзету мен қорғауды қамтамасыз ету аясында құзырлы органдармен өзара әрекеттесе отырып, шекара кеңістігінде Қазақстан Республикасының заңнамаларын бұзған 5 мың 290 (жыл басынан бері 25 364) адам ұсталған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мемлекеттік шекара арқылы 994, соның ішінде:

  • 70 – есірткі заттарын;
  • 28 – атыс қаруы мен оқ-дәрілер (9 дана атыс қаруы, 296 дана оқ-дәрі, 12 дана суық қару);
  • 27 – діни әдебиет (342 дана);
  • 323 – жалпы сомасы 8 млн теңгеден асатын жанар-жағармай материалдары (34 мың 800 литр);
  • 453 – жалпы сомасы 1,6 млрд теңгеден астам халық тұтынатын тауарлар;
  • 93 – жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам валютаны заңсыз алып өту фактілерінің алды алынды.

Каспий акваториясында 74 браконьерлік фактілерінің алды алынды. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 186 шақырым торды құрайтын браконьерлік аулау құралдары, 5 дана жүзу құралдары, 698 дана (5 мың 429 келі) бекіре тұқымдас балықтар, 2 мың 575 дана (5 мың 107 келі) ұсақ тұқымдас балықтар, 3 мың 700 дана (700 келі) шаян тәрізділер тәркіленді. Алды алынған залал сомасы 1,9 млрд теңге болды.

Бұл фактілер бойынша материалдар бұзушыларды жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау және сот органдарына жіберілді.