Йемен Израильге жиһад жариялады
Қазір біздің әскеріміз баллистикалық және қанатты зымырандармен атқылап жатыр, - деді бригадалық генерал Яхия Сарие Ану
Йемен Израильге жиһад жариялады. Яғни, Араб түбегінің елі Таяу Шығыста орналасқан Израильге соғыс жариялайтынын мәлімдеді.
Жиһадты Йемен Қарулы күштерінің ресми өкілі, бригадалық генерал Яхия Сарие Ану жариялады. Ол Газа секторын бомбалау тоқтамаса, Израиль зымырандармен және дрондармен атқыланатынын айтты.
Қазір біздің әскеріміз Израильді баллистикалық және қанатты зымырандармен атқылап жатыр. Біздің соққылар көптеген нысанға жасалды. Израиль тоқтамайынша, біз де тоқтамаймыз! – деді ол.
Жиһад сөзі Ислам дінінде «Алла жолында әділдікке шақыру, залымдарды зұлымдық істеуден тоқтату және әділетсіздікке қарсы күрес» деген мағына береді. Жиһад сөзі Құран кәрімде 41 рет жазылған.
Ұлт-азаттық қозғалысы кең өріс алған кезде жиһад идеялары отаршылдыққа қарсы күресті күшейте түсу үшін пайдаланылған. Қазір ислам ғалымдары жиһадтың қорғаныстық сипатын ерекше атап көрсетеді. Сондай-ақ жиһад ұғымы мұсылмандарды исламды қорғауға жұмылдыратын күш ретінде түсіндіріледі.
Жиһад – Исламда «Алла жолында күш салу» (жихад фи сабил Алла) деген мағынаға ие әрекет. Ол көп жағдайда «қасиетті соғыс» деп қате аударылады.
АҚШ-тың Оксфорд университетінің баспасынан шыққан Әлем діндерінің ықшам сөздігінде жиһад екі түрге бөлінген. Оның біріншісі – ұлы жиһад, екіншісі – кіші жиһад.
Адамның өз бойындағы жаман қасиеттерімен күресі «ұлы жиһад» деп сипатталған. Ал кіші жиһадқа Исламды, мұсылман елді, я қауымды оған сырттан төнген зорлық-зомбылықтан қорғау әрекеті жатқызылған.