Күршім-Үлкен Нарын тасжолында 1 тонна шаянды заңсыз әкеле жатқан тұрғын ұсталды
Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр
Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны бір тоннадан астам шаянды құжатсыз алып жүрген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, рейдтік іс-шараларды өткізу барысында Күршім-Үлкен Нарын тасжолында Ұлан ауданының шаяндарды тиісті құжаттарсыз тасымалдаған 44 жастағы тұрғынының басқаруындағы ГАЗель автокөлігі тоқтатылған. Көлікте жалпы салмағы 1 241 келі болатын 92 қап тірі шаяндардың бар екені анықталды. Залал сомасы – шамамен 7,7 млн теңге.
Сотқа дейінгі тергеу барысында көлік жүргізушісі шаяндарды бұрын белгісіз адамдардан сатып алғанын, содан кейін оларды көлікке тиеп, сату үшін облыс орталығына шығуды жоспарлағанын жеткізді, – делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, осы өңірде бұған дейін ұсталған шаян тасымалдаушы да дәл осындай сылтау айтқан болатын. Ол да 44 жастағы азамат.
Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.