Екібастұз тұрғынының көлігінен 271 келі мөңке балығы тәркіленді (ВИДЕО)
27 жастағы азаматтың рұқсат беру құжаттары болмаған
Екібастұз тұрғынының көлігінен 271 келі мөңке балығы тәркіленді.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, рейд кезінде Май ауданы Қарасора көлінің жағасында полицейлер Екібастұз қаласының 40 жастағы тұрғынының ВАЗ-2109 автокөлігінен жалпы салмағы 271 келі болатын мөңке балығының 10 қапшығын тауып, тәркіледі. Бұл факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ 30 қазанда Май ауданының шетінде 27 жастағы ауыл тұрғынынан аң ұстауға арналған аң аулау ілмектері табылды. Оның рұқсат беру құжаттары болмаған. Оған аң аулау ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы 1-бөлігі («Жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, – деп хабарлады Павлодар облысының ПД баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, 20 қазан мен 19 қараша аралығында облыс аумағында табиғат қорғау заңнамасын бұзған адамдарды анықтау мақсатында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
Тәртіп сақшылары бекітілген аңшылық алқаптарында ғана аң аулауға болатындығын еске салады. Аңшының өзімен бірге мемлекеттік баж төленгені туралы белгісі бар аңшы куәлігі, аң аулауға рұқсаты, аңшылық шаруашылығы субъектісінің бағыты, аңшылық атыс қаруын алып жүру құқығына рұқсаты болуға тиіс.