Қайрат Баядыловты әріптесі Еркін Ахметов қалың түтін арасынан құлап жатқан жерінен байқап қалған
Костенко атындағы шахтада болған жарылыс эпицентрінен небәрі 500 метр жерде жұмыс істеген кенші Қайрат Баядылов сол түні ғайыптың күшімен және әріптестерінің арқасында аман қалды. Күшті толқыннан есінен танып құлаған кеншіні әріптесі Еркін Ахметов көк түтін арасынан байқап, жанындағы жігіттермен бірге көтеріп алып шыққан. Кеншінің өзі және оны құтқарған әріптесі nur.kz тілшісіне оқиға туралы сұхбат берді.
Жер астындағы жойқын жарылыста құдай сақтап, аман қалған 58 жастағы кенші Қайрат Баядылов соңғы 13 жылдан бері осы шахтада жұмыс істейді. Қайғылы оқиға болар күні ол түнгі ауысымға түсіп, әдеттегідей жұмыс киімін киіп, шахтаға түскен.
«Сол түні басымнан не өткергенімді нақты айта алмаймын, өйткені есімнен танып қалдым. Жұмыс істеп тұрғанымды білемін, жарылыс толқыны мені 5-8 метр жерге апарып құлатқан болуы керек. Басым соғылды ма екен, кім біледі... Ауруханада есімді жидым. 1,5 сағаттай уақыт ес білмей жатқан сияқтымын. Есімді жисам, жанымдағы жігіттер «аға, салмағыңыз баршылық екен, ауыр екенсіз» деп айтып жатыр. Сөйтіп олар мені қалай құтқарғанын, қалай көтеріп алып шыққанын әңгімелеп берді. Естіп, өзім таңғалдым. Өзіңіз елестетіп көріңізші, мені ауруханаға жұмыс киіммен жеткізді ғой. Киімімді шешу үшін дәрігерлер оны қайшымен қиған. Сонда үстімнен шыққан қышқыл газдың иісін сезіп, қайта есімнен танып қала жаздадым», - дейді кенші.
Қайрат оқиға болардан жарты сағат бұрын төртінші ауысымға түскен кеншілерді лаваға апарғанын айтады.
«Марқұм жігіттерді соңғы рет көрген біз шығар. Алдыңғы ауысым жігіттерін алып шығардық. Оқиғадан жарты сағат бұрын ғана лавада болғанмын. Ал 40 минуттан соң қажетті материалды тиеп қайта сол жаққа апаруымыз керек болған. Біздің алтыншы учаске бригадасынан екі-ақ адам тірі қалдық. Мен және машинист Самат Рахымбеков деген жігіт. Оны құтқарушылар алып шықты», - дейді ол.
Қайрат Баядыловты әріптесі Еркін Ахметов қалың түтін арасынан құлап жатқан жерінен байқап қалған. Еркіннің айтуынша, шахтердың жерде құлап жатқанын шахтадан шыға беріске қарай асығып кетіп бара жатқанда көрген.
«Біздің түнгі ауысым сағат 00:00 де басталады. Тапсырмамызды алып, шахтаға түсіп, жұмысымызға кірістік. Шамамен 02:30 да жарылыс болды. Біз эпицентрден 800 метр қашықтықта болдық. Толқынның күшті болғаны соншалық біздің жанымыздағы қақпаны ұшырып жіберді. Бірден улы газдан оқшаулайтын қорғаныш құралын киіп алдық. Шыға беріске бет алдық. 200-300 метр жер жүріп, жолай жерде жатқан шахтерді көріп қалдық. Есінен танып қалыпты. Оған алғашқы көмек көрсеттік, оны бір қырына жатқыздық, жүрек соғысы бар екен, тыныс алып жатты. Бірақ аузы құмға толған, тазалап, тыныс жолдарын ашып, улы газдан оқшаулағыш қорғаныш құралын қосып қойдық. Тезірек ол жақтан алып шығу керек болды, өйткені тұншығып қалуымыз мүмкін еді. Есінен танған ер адамның дене бітімі ірі екен. Үш жігіт - әріптестерім Руслан Зиякаев және Владимир Мирау есінен танған кісіні көтеруге шамамыз келмеді. Содан бір топ адамды көріп, оларды көмекке шақырдық», - дейді Еркін.
Олар көмекке келген басқа да әріптестерімен бірге Қайратты түтін жайыла қоймаған жерге көтеріп әкелген.
«Әрі қарай трапқа шығып, 300 метрдей көтеріп келдік. Сөйтіп жер бетіне шығардық. Әрине, қорқыныш болды. Қазір оп-оңай айтып отырғаныммен сол кезде уақыт тоқтап қалғандай болды», - дейді Қайратты құтқарған кенші.
Еркін Ахметов тамыз айында бес кенші қаза тапқан «Қазақстан» шахтасынан жақында ғана ауысып келген. 32 жастағы кеншінің жер астында еңбек етіп жүргеніне алты жылға жуықтаған. Қазір ол әріптестерімен бірге Қарағандыдағы Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың токсикология бөлімінде ем алуда.
Айтуынша, зардап шеккен кеншілер аман қалғандарына сенбейді, әлі өз-өзіне келе алмай жатқандар көп. Өйткені бірге істеген әріптестерінен айырылып отыр.