Астанада №1 мектеп-лицейіне Талғат Бигелдиновтің есімі берілді
Елордада батырдың атындағы көше мен ескерткіш те бар
Астанада №1 мектеп-лицейіне Талғат Бигелдиновтің есімі берілді, деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
Бұл оқу орны енді аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдиновтің есімімен аталады. Мұндай шешімді Астанадағы ономастика комиссиясы қабылдады.
Астанада Талғат Бигелдиновке арналған ескерткіш пен көше де бар. Ескерткіш Сарыарқа даңғылы бойында, Талғат Бигелдинов көшесімен қиылысқан жерде орнатылған. Мүсіншісі – Нұрлан Далбай, сәулетшісі – Расул Сатыбалдиев.
Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов – Авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері. 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысының Майбалық ауылында дүниеге келген. Ол ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде ұшақпен көк жүзінде 500 сағат болған. КСРО батыры атағын алған 65 ұшқыштың бірі. 305 рет әскери шабуылға шығып, Берлинді алуға да бірінші болып қатысты.
Айта кетсек, Талғат Бигелдинов туралы мынадай дерек бар. Ол көш кезінде түйеге тіркелген үлкен екі доңғалақты арбада туған. Бала кезінде өгей шешесінің қолында өскен. Бішкекте жүргенде оған өгей шешесі дұрыс қарамай, ашқұрсақ қалып, амалдың жоқтығынан таудан кесіртке, жылан аулап жүрек жалғаған кезі болған.
Ол – 23 жасында Кеңес Одағының екі мәрте батыры атағын алған жалғыз қазақ. Жасы келген кезінде омарташылықпен айналысты.
Соғыста неміс фашистері Бигелдиновтің ұшағына «Қара өлім» деген лақап ат берген. Ал әріптестері оны «Қазақтың қыраны» деген. Оның ұшағының нөмірі 13 болған.
200 ұшақпен аспанға көтерілген сайын әжесі үйреткен «Ләә хаула уә ләә қууата иллә билләәһил ъалийл ъазиим. Машаа аллаһу кәәна уә мәә ләм яша’ ләм укян. Әл-имәәну иқрарун бил-лисаани уә тасдииқун бил қалби, би мәә жәә-а биһи мин ъиндилләәһи. Мухаммадун расулуллаһ саллаллаһу әлайһи уә салам» дұғасын оқыған.
Соғыс кезінде барлығы 500 сағаттай аспанда ұшып, жеке өзі жаудың 7 ұшағын атып түсірген.