Оқиға орнына алғашқы тексеріс жүргізілді
Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Костенко атындағы шахтасында болған оқиғаларды тергеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бас прокуратураның мәліметінше, жергілікті орында үйлестіруді Бас прокурордың бірінші орынбасары іске асырып жатыр. Газ-метан қоспасының жарылуының себептері мен жағдайларын анықтау мақсатында шахтаға түсу арқылы оқиға орнына алғашқы тексеріс жүргізілді.
Ауысым қызметкерлерінен, «АМТ» көмір департаментінің басшылары мен жауапты қызметкерлерінен жауап алынды. Бірқатар сот сараптамалары (жарылыс-техникалық, биологиялық, геномдық-молекулалық және т.б.) тағайындалды. Кеншілер еңбегінің қорғалуының материалдық қамтамасыз етілу талаптарына сәйкестігін тексеру және қорытынды беру үшін мемлекеттік аудит мамандары мен басқа да сарапшылар тартылды.
Шахтада жұмыстарды ұйымдастыруға және қауіпсіздік техникасын қамтамасыз етуге арналған құжаттамалар алынып, талданып жатыр. Өзге де қажетті іс-шаралар өткізіледі. Кінәлілердің іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетін болады. Зардап шеккендер мен туыстарының қатысуымен өткізілетін тергеу әрекеттері олардың денсаулық жағдайы және жерлеу рәсімдерін өткізу қажеттілігін ескере отырып жүргізілетін болады. Тергеу жалғасып жатыр, – делінген прокуратура хабарламасында.
Қылмыстық іс Бас прокурордың бақылауында. Өзге ақпарат Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.