Келісімді ұйымдастыратын компания бекітілген, бірақ әзірге жария етілмейді
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мемлекет меншігіне толық қашан өтетінін және қалай берілетінін түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Министрдің айтуынша, компанияның активтерін қайтару келісімі бірнеше көзден қаржыландырылады.
Мұнда келісімді бюджеттік немесе квазимемлекеттік сектордың қатысы болмайтындай етіп жасау керек. Демек келісімді қаржы тарту арқылы құрылымдаймыз, - деді министр.
Министр келісімді ұйымдастыратын компания бекітілгенін атап өтті.
«Келісім қатысатын тарап – Қазақстан мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ. Еліміз тікелей келісімнің бір тарабы бола алмайды. Қандай да бір заңды тұлға болуы керек. Біз оны анықтадық. Қазір мәселені заң жағынан пысықтап жатырмыз. Ұйымдастырушының кім екенін айта алмаймын. Себебі, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-мен арадағы құпияны жарияламау туралы құжатқа қол қойғанбыз. Бұл – 100 пайыз Қазақстан бақылайтын компания», - деді ол.
Қанат Шарлапаев келісім шарттарын әзірге нақтылай алмайтынын айтты.
«Мұндағы мәселе транзакцияға айтарлықтай байланысты. Бұл – күрделі процедура. Біз 32 мың адам жұмыс істейтін ірі кәсіпорынның бірі туралы айтып отырмыз. Осы келісімді ұйымдастыру үшін бірнеше қаржыландыру көзі болады. Мен қандай да бір жерден бір сома аламыз деп айта алмаймын. Әзірше, мемлекетте ол ақпаратты ашып айту мүмкіндігі жоқ. Себебі, бәріміз құпияны жарияламау туралы келісімді сақтауымыз керек», - деді министр.
Айта кетейік, 2023 жылдың 28 қазанына қараған түні Костенко атындағы шахтадан өрт шығып, 200-ден астам кенші жер бетіне шығарылды. Шахтадағы апаттан 46 кенші қаза тапты. Осы қайғылы жағдайға байланысты 29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Шахтадағы апаттан кейін Қазақстан үкіметі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдады.
Костенко шахтасындағы апат тәуелсіз Қазақстан тарихындағы адам шығыны ең көп (46 адам қаза тапты) болған өндірістік апат ретінде тіркеліп отыр. Бұған дейін адам шығыны көп болған ең үлкен апат 2006 жылы Ленин шахтасында болды, ол кезде 41 кенші көз жұмды. 2008 жылы Абай шахтасында болған апаттан 30 кенші қаза тапты.