Заң бұзушыларға енді 300 мың рубльге дейін айыппұл салынады
Ресейдегі Саратов кеденінің қызметкерлері Қазақстанға 800 қап қант тиелген көлікті шығаруға кедергі жасады.
Жергілікті «Взгляд-инфо» басылымының хабарлауынша, Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасына жақын жерде, Саратов облысының Озин аумағында кеден қызметкерлері тіркемесі бар жүк көлігін тексерген. Ол құжаттарға сәйкес 20 тонна ұнмен келе жатқан.
Тексеру кезінде инспекторлар ұн пакеттерінің астынан салмағы 40 тонна болатын 800 қап ақ қант тапты. Оны қазір Ресей Федерациясынан әкетуге тыйым салынған, - деп түсіндірді Саратов кедені бөлім бастығының орынбасары Сергей Душутин.
РФ ӘҚБтК-нің 16.3-бабы («Ресей Федерациясынан тауарларды әкетуге тыйымдар мен шектеулерді сақтамау») бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Тауары тәркіленген заң бұзушыларға енді 300 мың рубльге дейін айыппұл салынады.
Саратов кедені Ресей Федерациясы үкіметінің 14 наурыздағы №361 «Ресей Федерациясынан ақ қант пен шикі құрақ қантын әкетуге уақытша тыйым салуды енгізу туралы» қаулысымен қанттың экспорттауға тыйым салынған тауарлар тізіміне енгізілгенін еске салды.