Halyq Uni логотип
×

«АрселорМиттал Теміртау» акционерлері арасында Назарбаевтар әулеті бар ма?

Костенко шахтасындағы апаттан кейін Қазақстан үкіметі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдады

 Дәурен Ерболат 31.10.2023 | 13:27
«АрселорМиттал Теміртау» акционерлері арасында Назарбаевтар әулеті бар ма?
Нұрсұлтан Назарбаев пен Лакшми Миттал, 2014 жыл

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның акционерлері кімдер екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында журналистер ведомство басшысына «АрселорМиттал Теміртаудың» акционерлерінің қатарында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев әулетінің өкілдері бар ма?» деп сұрақ қойды.

Қанат Шарлапаев бұл ақпарат тексерілгенін жеткізді.

Жоқ, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бізге берген мәліметі бойынша, олар кәсіпорынның 100% меншік иесі болып есептеледі. Сондықтан («АрселорМиттал Теміртау» АҚ) өз акциялары бойынша толық шешім қабылдай алады, - деді министр.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан миллиардер Лакшми Митталдың үстінен қылмыстық іс қозғалмауы мүмкін екенін айтады. Одан бөлек, Абзал Құспан 1995 жылы Лакшми Митталдың Қазақстан нарығына қалай келгені туралы түрлі ақпарат айтылып жатқанына назар аударды. Айтуынша, мемлекет басшысымен кәсіпкерді кім таныстырғаны, қандай сомада пара бергені туралы да дерек бар. 

Белгілі заңгер осының бәрін ескеріп, Қазақстанның бас прокуратурасы бұл деректерді қылмыстық істердің бірыңғай тізіліміне енгізіп, Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты тергеу жүргізуі керек деп санайды.

Айта кетейік, 2023 жылдың 28 қазанына қараған түні Костенко атындағы шахтадан өрт шығып, 200-ден астам кенші жер бетіне шығарылды. Шахтадағы апаттан 46 кенші қаза тапты. Осы қайғылы жағдайға байланысты 29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Шахтадағы апаттан кейін Қазақстан үкіметі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдады.

Костенко шахтасындағы апат тәуелсіз Қазақстан тарихындағы адам шығыны ең көп (46 адам қаза тапты) болған өндірістік апат ретінде тіркеліп отыр. Бұған дейін адам шығыны көп болған ең үлкен апат 2006 жылы Ленин шахтасында болды, ол кезде 41 кенші көз жұмды. 2008 жылы Абай шахтасында болған апаттан 30 кенші қаза тапты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама