Қарағанды облысындағы бес шахтада кен өндіру жұмыстары қайта басталды
«Тентек» шахтасында тек дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр
Қарағанды облысының 5 шахтасында кен өндіру үдерісі қайта басталды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов мәлімдеді.
Жалпы, 30 қазаннан (сағат 14:00-ден) бастап Қарағанды облысының 5 шахтасында (Абай, Саран, Шахтинск, Күзембаев және Ленин атындағы) өндіру процестері қайта жанданды. «Тентек» шахтасында тек дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Қазақстан» шахтасында оның тіршілігін қамтамасыз ету және аэрогаз жағдайын бақылау жұмыстары қолға алынды, - деді министр Үкімет отырысында.
Сондай-ақ ол Костенко атындағы шахтадағы апаттың себептерін тергеу аясында үкіметтік комиссия мүшелерімен бірге шахтаға түскенін атап өтті. Айтуынша, тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткен. 15-тен астам оқшаулағыш бөгеттер мен желдету құрылыстары қираған.
Қазір апат фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Еске сала кетсек, Костенко атындағы шахтадағы апаттан кейін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаменті шахталарының жұмысы бірнеше күнге тоқтатылған болатын.