Halyq Uni логотип
×

Израильдің жаяу әскері Газа секторына басып кірді

Енді армия анклавтың бас қаласын екі жақтан қоршап, ХАМАС ұйымымен ашық соғысқа кірісті

 Дастан Жұмабекұлы 31.10.2023 | 12:03
Израильдің жаяу әскері Газа секторына басып кірді
Фото: Ronen Zvulun / Reuters

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ЦАХАЛ (Израильдің қорғаныс армиясы, – ред.) жаяу әскерінің Газа секторына басып кіргенін айтты. Әуелі Израиль танктері Газаның айналасына кірген. Сөйтіп, олар маңызды позицияларға бекінген. Енді әскер анклавтың бас қаласы – Газаны екі жақтан қоршап, ХАМАС ұйымының әскерімен ашық соғысып жатыр.

Израиль соғыстың үшінші кезеңін бастады. Қазір екі жақтан да қаза тапқан адам көп. Біздің әскер Газаға екі жақтан шабуылдады. Анклавтың солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын жол жабық. ХАМАС пулемет және танкке қарсы снарядтармен атқылап жатыр. Израиль қалаларына да зымыран түскен. Бірақ біз соғысты соңына дейін жеткіземіз. Егер ХАМАС-қа гуманитарлық көмек жеткізілетін болса, шекараны мүлде жауып тастаймыз. Ал жанар-жағармай туралы әңгіме мүлде болмайды. Бензин Газа секторына бармайды, – деді ол.

Сонымен бірге, Биньямин Нетаньяху ХАМАС-пен соғыста жеңіске жететінін, ол жеңіс болмайынша тоқтамайтынын ескертті.

Түркия БАҚ-тарының хабарлауынша, ХАМАС өткен түнде Израильдің Merkava IV атты 27 танкісінің көзін жойған. Ал Ливандағы «Хезболла» ұйымы басқыншылардың 15 танкісін жойған. Осы оқиғадан кейін Ливан премьер-министрі Микати ақталып, танктерді жойған «Хезболла» ұйымы екенін, Ливан елі Израиль мен ХАМАС-тың соғысына араласқысы келмейтінін мәлімдеді. Ал ХАМАС лидерлерінің бірі Әбу Мазрук болса, керісінше, Израильмен соғыста «Хезболла» ұйымынан көп көмек күтетінін жасырмады. Сондай-ақ ол «Хезболланы» батыл әрекет жасауға шақырды. Египетке де екі сөйлемей, өз ұстанымында қалуды ескертті.

БҰҰ мәліметінше, Газа секторына гуманитарлық көмек артқан 33 жүк көлігі жеткен. Олар ХАМАС тобы басқаратын Палестина жеріне азық-түлік, су, дәрі-дәрмек апарды.

21 қазаннан бері Газа секторының Египетпен шекарасындағы Рафах шекара пунктінен барлығы 117 жүк көлігі өткен. БҰҰ мұны өте аз деп санайды.

Еске сала кетсек, 7 қазанда ХАМАС Израильге шабуыл жасаған соң, Израиль билігі Газа секторына блокада қойып, электр қуатын, азық-түлік пен су жеткізуге тыйым салған.

Өткен тәулікте Газадағы ХАМАС-тың нысандарына әуеден 450-ден астам соққы жасалған. Оған қоса, Газа аймағына қосымша жүздеген сарбаз бен ондаған әскери техника жіберілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама