Қаза тапқан 40 адамның жеке басы анықталды
Бүгін Үкімет отырысы бір минут үнсіздікпен басталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Үкімет отырысын Қарағанды облысы Костенко атындағы шахтада болған қайғылы жағдайдан бастаймыз. Онда өрт болып, адамдар қаза тауып, көбі зардап шекті. Қаншама адамның өмірін қиған апат қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. Үкіметтің және жеке өз атымнан қара жамылған отбасыларға қайғырып көңіл айтамыз. Марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алуды ұсынамын», - деді ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Костенко атындағы шахтада 46-шы кеншінің денесі табылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов мәлімдеді.
Бүгін іздестіру-құтқару жұмыстары барысында қаза тапқан 45 кеншінің денесі және алдын-ала болжам бойынша 46-шы адамның дене бөлшектері табылды. Қайтыс болған 40 адамның жеке басы анықталды, алтауының кім екені анықталмады. Оларды сәйкестендіру үшін тиісті сараптамалар жүргізіледі, - деді министр.
Төтенше жағдайлар министрі Костенко атындағы шахтада болған апатты тергеуге Қазақстаннан және шетелдерден сараптамалық ұйымдар тартылғанын айтты.
Апат себептерін тергеу аясында Үкіметтік комиссия мүшелерімен бірге шахтаға түстім. Біз өте маңызды олқылықтарды анықтадық. Тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткен. 15-тен аса оқшаулағыш бөгет пен желдету құрылысы қираған, - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, 2023 жылдың 28 қазанына қараған түні Костенко атындағы шахтадан өрт шығып, 200-ден астам кенші жер бетіне шығарылды. Соңғы ақпаратқа сәйкес, шахтадағы апаттан 46 кенші қаза тапты. Осы қайғылы жағдайға байланысты 29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Костенко шахтасындағы апат тәуелсіз Қазақстан тарихындағы адам шығыны ең көп (46 адам қаза тапты) болған өндірістік апат ретінде тіркеліп отыр. Бұған дейін адам шығыны көп болған ең үлкен апат 2006 жылы Ленин шахтасында болды, ол кезде 41 кенші көз жұмды. 2008 жылы Абай шахтасында болған апаттан 30 кенші қаза тапты.