×

Лев Лещенко Қазақстанға келуінің басты себебін айтты

Ол азаматтық алу үшін жүгінбеген

фото: ria.ru

Кеңес заманының әрі Ресейдің танымал әншісі Лев Лещенконың Алматыдағы ХҚКО-ға бас сұғуы солтүстік көрші жұртшылығының назарынан тыс қалмады. Әлеуметтік желіде Қазақстанның ресми мекемесінде әншінің не істеп жүргенін топшылаған түрлі болжамдар жарияланды, деп хабарлайды zakon.kz. 

Көптеген адам Лев Лещенконың Қазақстан азаматтығын алуы мүмкін екенін долбарлап, оны талқылай бастады. Teleprogramma-ға берген сұхбатында әнші бұл болжамды езуіне күлкі үйіре отырып, қабыл алды.

«Мен досыма, бұрынғы премьер-министрдің туған күніне барған едім. Үстел басында бірге отырдық, бар болғаны сол ғана. Сол сапарымда ХҚКО-ға да бас сұға кеттім, белгілі бір операцияны рәсімдеу үшін. Ал жұрт мені сол жақта қалады деп жатыр. Жоқ, олай емес, мен Байқоңырдан Марсқа ұшу үшін құжаттарды рәсімдеп жүрмін. Қазақтар келісті!», - деді Лев Лещенко. 

Лев Лещенко оқырмандар мұнысының әзіл екенін дұрыс түсінсе дейді.

Ал шынтуайтында, әншінің ХҚКО-да қандай қызмет тіркеткенін анықтау мүмкін емес. Заң бойынша көрсетілген мемлекеттік қызмет түрі туралы ақпарат қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге жатады. Жеке деректерді тарату субъектінің келісімімен ғана мүмкін. Онда да өзге жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделеріне қол сұғылмайтын жағдайда.

Бір анығы, Лев Лещенко ҚР ІІМ-ге Қазақстанда тұруға ықтиярхат немесе азаматтық алу үшін жүгінбеген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама