OLX есірткі жарнамаларын бұғаттайды – ІІМ
Бүгінде балалар да есірткі таратып жүр
Ішкі істер министрлігі мен OLX онлайн хабарландыру платформасымен есірткі жарнамаларын бұғаттауға келісті. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, ІІМ-нің ведомствоаралық штаб отырысында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспардың орындалуын талқылаған. Жиналысқа әкімдер онлайн қатысқан.
Отырыста Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев есірткіге сараптама жүргізу мәселесін көтерді. Себебі есірткіге «дәстүрлі» түрде сараптама жүргізу 10 күнді, ал синтетикалық препараттар бір айдан аса уақытты алады. Сараптама қорытындысы болмай, күдіктілерді ұстау мүмкін емес. Сараптаманы ұзақ жүргізу күдіктіні босату қаупін арттырады, - деді Шұғыла Тұрлыбек ІІМ-де өткен брифингте.
Сондықтан жиында сот сараптамасы орталықтарының зертханалық жабдықты сатып алуы үшін бөлінген қаржыны уақытында және толық игеруді қамтамасыз ету ұсынылды.
Әкімдерге жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлуге кеңес берілді, - деді ресми өкіл.
Сондай-ақ отырысқа қатысушылар есіркті таратып жүрген балалар мен жастарды ұстау дерегі жиілеп кеткенін атап өтті. Мұндай құқықбұзушылықтар үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
«Жиында онлайн платформалардың есірткі курьерлерін жалдау үшін пайдаланылатыны талқыға салынды. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов өткен жылмен салыстырғанда бұғатталған есірткі сайттарының саны 2 есе өскенін жеткізді. Алайда мұндағы басты міндет – есірткі сайттарын анықтау ғана емес, оны тез бұғаттау да маңызды», - деді Шұғыла Тұрлыбек.
Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл бағытта жұмысты күшейткен.
Қазақстандағы OLX өкілдігімен тиісті уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазақстанда әлеуметтік желілердің өкілдігін ашу туралы келіссөз жүргізіліп жатыр, - деді ІІМ-нің ресми өкілі.