Halyq Uni логотип
×

Интернет-алаяқтар қазақстандықтарға 13 млрд теңге залал келтірген

Полиция сізге хабарласып, жеке деректерді сұрамайды

 Дәурен Ерболат 30.10.2023 | 12:12
Интернет-алаяқтар қазақстандықтарға 13 млрд теңге залал келтірген
Фото: Istock

Жыл басынан бері Қазақстанда интернет-алаяқтар тұрғындарға 13 млрд теңге залал келтірген. Бұл туралы ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығы басшысының орынбасары Рүстем Дүйсетаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айутынша, бүгінде елімізде интернет-алаяқтық дерегі жиілеп кеткен.

Жыл басынан бері қазақстандықтарды интернет арқылы алдауға байланысты 15,5 мың қылмыс тіркелді. Алаяқтардың әрекеті салдарынан тұрғындарға 13 млрд теңге залал келді. Мұнда жиі кездесетін әдіс – онлайн-сауда. Бұған қатысты 7 мың алаяқтық іс тіркелді. Банктерде және микронесие ұйымдарында жалған онлайн-қарызды рәсімдеудің 1 600 дерегі тіркелді, - деді Рүстем Дүйсетаев ІІМ-де өткен брифингте.

Бұл ретте тез ақша тапқысы келетіндер де сан соғып қалған.

«Әрекеттің күмәнді болуына қарамастан қазақстандықтар ақшасын көбейту үшін әртүрлі схемаларға қаржы салған. Бір жылда 1200 адам осындай схемалардың құрбаны болды. Олар өз ақшаларын жұмыс істемейтін инвестициялық жобаларға салды. Сондай-ақ кейбір жағдайда осы мақсаттарға несие рәсімделген. Жеңіл ақшаны іздеймін деп олар жинақтарын жоғалтты», - деді киберқылмысқа қарсы күрес орталығының өкілі.

Рүстем Дүйсетаев алаяқтар ұлттық компаниялардың, банктердің, криптобиржалардың атынан жалған сайттар жасау арқылы тұрғындарды қызықтыратынын жеткізді.

Олар «менеджерлермен» және «брокерлермен» барлық байланыс онлайн, оның ішінде мессенджерлер арқылы болатынын айтады. Кейбір жағдайда алаяқтар үлкен соманы тарту үшін дивидендтерді бір рет төлейді. Фишингтік сілтемелерді жіберу арқылы қазақстандықтардың шотынан 1 мың ұрлық жасалған. Банктер, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан жасалатын алаяқтық ерекше алаңдаушылық туғызады. Осындай тәсілмен жыл басынан бері 3 мыңнан аса алаяқтық жасалды, - деді ол.

ІІМ өкілі банк пен полиция қызметкерлері ешқашан қазақстандықтардан дербес деректерді сұрамайтынын, телефон арқылы арнайы операциялар жүргізуді талап етпейтінін еске салды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама