Каспийдің тартылуы мен итбалықтардың қырылу себебін зерттейтін институт ашылады

Динара Амантай

Су ресурстары және ирригация министрлігі тиісті қаулының жобасын әзірледі

Фото: Маңғыстау обл. әкімдігінің баспасөз қызметі

Қазақстанда Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін зерттеу мақсатында ғылыми-зерттеу институты құрылады. Су ресурстары және ирригация министрлігі тиісті қаулының жобасын әзірледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Институт Каспий теңізінің экологиялық және су деңгейінің төмендеу мәселелерін, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептерін, Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау, ихтиофаунаны, Каспий акваториясы мен жағалауын зерттейтін болады.

Сондай-ақ Каспий бойынша шекаралас мемлекеттердегі әріптестермен өзара тығыз іс-қимылды қамтамасыз ету бағытында да жұмыс жүргізеді.

Институт Каспий теңізі экожүйесінің барлық бағыты бойынша объективті және тәуелсіз ақпарат жинақтайды. Бұл деректер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың кешенді іс-шаралар қабылдауы үшін негіз болады. Сонымен қатар, ғылыми ұйым құру Каспийді сақтау жөніндегі халықаралық және ұлттық міндеттемелерді толық көлемде орындауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы кешенді іс-шаралар қабылдау үшін Маңғыстау облысында Каспийді зерттеумен айналысатын мемлекеттік ғылыми институт құруды тапсырды. Институт құру – мәселені жан-жақты зерделеуге, ауқымды міндеттерді шешуге мүмкіндік береді, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.