Атырау облысында топырақты заңсыз сатқан мекемеге қомақты айыппұл салынды
ЖШС-ға бұрын берілген рұқсат қайтарып алынды
Атырау облысында топырақты заңсыз сатқан мекемеге 851 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының мәліметінше, «Нұрманияз-Атырау» ЖШС кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге рұқсатты пайдалана отырып, 2021-2022 жылдары 88 мың 542 текше метр топырақты заңсыз сатқан.
Рұқсатты беру үшін «Морское» кен орнындағы гидротехникалық құрылыстардың үйіндісін қалпына келтіру туралы мердігерлік шарт негіз болған. Алайда шартта топырақты өзге мақсатта сату көзделмеген.
Облыс әкімдігіне енгізілген прокурорлық қадағалау актісінің нәтижелері бойынша «Нұрманияз-Атырау» ЖШС-дан бұрын берілген рұқсат қайтарып алынды. Аталған факті бойынша «Нұрманияз-Атырау» ЖШС-дан сотпен 851 млн теңге мемлекетке келтірілген залал өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді, – делінген прокуратура хабарламасында.
Өз кезегінде прокуратура жер қойнауы ресурстарына, оның ішінде өңірдің экологиясына зиян келтіргені үшін жауаптылықтың көзделгенін ескертеді.