Оны тергеу абақтысынан түзеу мекемесіне жібергеннен кейін ұзақ уақыт өтпей, жаңа қылмыстық іс тіркелді
Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің басшысына тағы бір үкім шықты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бұған дейін, 2021 жылы арнайы прокурорлар ұзақ уақыт бойы кәсіпкерлерге мемлекеттік сатып алу саласындағы кепілдік жарналарды қайтармау фактісі бойынша жоғарыда аталған бөлімнің басшысына қатысты қылмыстық істі тергеп-тексерген. Кейін аудандық соттың 2022 жылғы 19 мамырдағы үкімімен ол ҚР ҚК-нің 189-бабы 2-тармағының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Оны тергеу абақтысынан түзеу мекемесіне жібергеннен кейін ұзақ уақыт өтпей, жаңа қылмыстық іс тіркелді.
ТКШ бөлімінің қызметін бюджет қаражатының жұмсалуына және депозитарияны ұйымдастыруға тексеру барысында 2014-2016 жылдар аралығында Т. Рысқұлов ауданының прокуратурасы 5 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтады. Жымқыру тәсілі аудандық әкімдіктің экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне бұрын ұрланған ақшалай қаражатты өтеу мақсатында мердігерге кепілдік сомасын қайтару үшін ақшалай қаражат бөлу туралы хат жолдау болды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-терсеру жүргізіліп, кейін қылмыстық іс сотқа жолданды.
2023 жылғы 20 қыркүйекте сот үкімімен бөлім басшысы осы қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған ҚПК-нің 58-бабы 3-бөлігін қолдана отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.