Қазақстанда киіктерді ату қашанға дейін жалғасатыны белгілі болды

Ая Өміртай

Бүгінде киіктердің саны 1,9 миллионға жетті

Фото: acbk.kz

Қазақстанда киіктерді аулауға рұқсат етілген мерзім анықталды, деп хабарлады Halyq Uni.

Аң аулау ережелеріне енгізілетін өзгерістер жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылып отыр.

Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы әзірлеген биологиялық негіздемеге сәйкес, жас-жыныстық құрамы мен мекендеу ортасына қарамастан киіктерді аулау мерзімін 1 қазаннан 15 қарашаға дейін белгілеу ұсынылады, - делінген түзетулердің негіздемесі көрсетілген хабарламада. 

Ашық НҚА порталындағы өзгеріс енгізілген бұйрықта ақбөкендер санының 1,9 миллион басқа жеткені, оңтайлы көрсеткіштің 770 мың бас болғаны аталған.

Айта кетелік, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елде киік атуға шешім қабылданғанын, атылған киіктердің еті комбинаттар арқылы сатылатынын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, «киік санын реттеу қажет, себебі олардың санының артуы ауыл шаруашылығына зиянын тигізіп жатыр». Нысанбаев қазір 90-нан аса киіктің атылғанын айтты.