Балаларға психологиялық көмек ұйымдастырылып жатыр
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қаза тапқан 9 кеншінің артында кәмелетке толмаған балалары қалғанын мәлімдеді.
Бүгін Насымжан Жамбекқызы, ҚР ОАМ БҚҚК бірге қаза тапқан кеншілердің балаларына бардық. 9 кеншінің артында кәмелетке толмаған балалары қалған. Отбасылардың қазір басынан өтіп жатқан қиындықты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір кеншінің 2 жасар баласы әкесін жұмысқа жібергісі келмей, аяғынан ұстап тұрған суреті қалыпты. Тағы бір кеншінің анасы ұлы жұмысқа кетерінде мәңгіге кетіп бара жатқандай қоштасқанын есіне алып жатыр, - деп жазды омбудсмен әлеуметтік желіде.
Динара Зәкиева балаларға психологиялық көмек ұйымдастырылып жатқанын, мемлекеттік органдар мен әкімдік президент тапсырмасымен отбасыларды жан-жақты көмекпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс істеп жатқанын жеткізді.