Ақмола облысында шылым шеккен оқушыны ұрған мұғалім жұмыстан қуылды (ВИДЕО)
Осы дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізілген
Ақмола облысы Целиноград ауданының Жаңаесіл ауылында жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары темекі шеккен оқушымен дөрекі сөйлесіп, қол көтергені үшін жұмыстан шығарылды.
Stan.kz-тің жазуынша, мұғалімнің мектеп оқушысымен дөрекі сөйлесіп жатқаны түсіп қалған бейнежазба әлеуметтік желіде жарияланған. Желі қолданушылары мұғалімнің әрекетін сынға алды.
Ақмола облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, осы дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізілген. Белгілі болғандай, екінші сабақтан кейінгі үзіліс кезінде 7, 9, 10-сынып оқушылары спортзалға волейбол ойнауға барған. Алайда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі А. Ютина оқушылардың волейбол ойнағанын емес, 7-сынып оқушысының темекі шегіп тұрғанын көрген. Осы кезде мұғалім бірден мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б. Мекебайды шақырған, ол оқушымен әңгімелескен.
Әңгіме барысында оқушы спортзалда темекі шегетінін мойындаған. Оқушының бұл жауабы мектеп директоры орынбасарының ашуына тиіп, ол эмоцияға ерік берген.
Білім бөлімінің жұмыс тобы Жаңаесіл ауылындағы балалармен, ата-аналармен және мектептің педагогикалық ұжымымен әңгімелесті. Осы дерек бойынша жүргізілген талқылаудан кейін кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі Д. Кимнен педагог Б. Мекебайға шағымнан бас тарту туралы өтініш келіп түсті. Дегенмен бұл жағдай Жаңаесіл ауылы мектебінің педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесінің отырысында қаралды. Онда Еңбек кодексінің 52-бабы 14-тармағына сәйкес, Б. Мекебайды жұмыстан шығару туралы шешім қабылданды, – деді ведомство өкілдері.