Halyq Uni логотип
×

Петропавлдағы әйел мен екі баланың өлімі: іске қатысты жаңа дерек шықты

Қазіргі уақытта ер адам кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды

 Халық үні 28.10.2023 | 06:36
Петропавлдағы әйел мен екі баланың өлімі: іске қатысты жаңа дерек шықты
Фото: Polisia.kz

Петропавлда өрттен бір әйел мен екі бала қайтыс болған оқиғадан кейін бір ай өткенде іске қатысты жаңа деректер шықты. Іс «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру» бабына қайта сараланған, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, жекеменшік үйлердің бірінде болған апат кезінде әйел мен екі бала қаза болған, ал үйдің отағасы аман қалған. Ол терезені сындырып, көшеге шығып үлгерген. Тұрғын отбасы мүшелерін шығарып үлгеруге тырысқанын айтқан.

Алайда қазіргі уақытта ер адам кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды.

«Сол күні-ақ қылмыстық іс қозғалып, полиция департаментінің тергеушілеріне берілді. Сол кезде өрттің алдын ала себебі – қысқа тұйықталу деп қана айтылды. Бірақ одан кейінгісі басқа мәселе туралы», - дейді ТЖ департаментінің қоғаммен байланыс тобының басшысы Евгений Журавлев.

Өңірлік полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Нұрбек Баекиннің айтуынша, әйел мен екі баланың өлімі қылмыспен байланысты.

«Бұл жағдай Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыс құрамының белгілері бойынша тіркелді. Іс «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабынан «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру» бабына қайта сараланған», - деп хабарлады Баекин.

Алайда полиция өкілі басқа мәліметтерді айтудан бас тартты. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалғаны белгілі. Қосымша сараптамалар тағайындалды. Іс облыс прокуратурасы мен Полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама