Halyq Uni логотип
×

Талдықорғанда білім саласының 9 қызметкері сот санкциясымен қамауға алынды

Талдықорғанда қаржы жымқырды деген күдікпен білім саласының 23 қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды

 Халық үні 27.10.2023 | 22:40
Талдықорғанда білім саласының 9 қызметкері сот санкциясымен қамауға алынды
фото: Halyq Uni

Талдықорғанда қаржы жымқырды деген күдікпен білім саласының 23 қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. 9 адам сот санкциясымен қамауға алынды. Олардың басым бөлігі мектеп есепшілері және білім бөлімінің мамандары. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің мәліметінше,бухгалтерлер жүйелі түрде аса ірі көлемде ақша ұрлаған, деп хабарлады qazaqstan.tv.

Талдықорғанда мемлекет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген мектептердің бірі Николай Островский атындағы номері сегізінші орта мектеп. Бұл жерде құзырлы органдардың мәліметінше, 662 млн теңге қаржы қолды болған. Ең қызығы мұндағы мұғалімдер өздерінің есебінен басқа біреудің пайда тауып жатқанын мүлдем білмеген.

«Біз естіген кезде өзіміз де таңқалдық. Бірақ жаңағы есепші тарапынан бізде ешқандай қиындықтар болған жоқ. Ай сайын біздің уақытылы жалақымыз түсіп отырды», – дейді тарих пәнінің мұғалімі Әсел Рашидова.

Қалада жиырмаға жуық білім шаңырағының бухгалтерлері бір жүйемен қаржы жымқырып отырған. Кейбірі мектепке мүлдем қатысы жоқ адамдарды тіркеп жалақысын аударып отырса, енді бірінде ұстаздардың үстемақысы қолды болған.

«Тергеу жұмыстары аяқталғанға дейін нақты ешқандай шешім айта алмаймыз. Бірақ бүгінгі күнге дейін Талдықорған қаласы бойынша 9 мектептің директоры өз еркімен жұмыстан босады. Қазіргі кезде заңнамаға сәйкес ол мектептерге мектеп директорлары конкурстық негізде тағайындалды»,  – дейді Жетісу облыстық білім басқарма басшысының орынбасары Гүлмира Ахметова.

Тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Істі болғандардың мүлкі тәркіленсе, кейбір азаматтар ұрланған қаржыны қайтаруға кіріскен.

«Келтірілген залалды өтеу үшін іс кезінде 31 жылжымайтын мүлік, 14 автокөлік, зергерлік бұйымдар және ақша-қаражаттарына тыйым салынды. Сонымен қоса, күдіктілердің өзі еркін түрде келтірілген залалды өтеу жұмыстары жүргізілуде. Оның барлық сомасы 3 млрд теңгеден астам ақша болып келеді», - дейді Жетісу облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының міндетін атқарушы Дулат Мадияров.

Бұған дейін Қалалық білім бөлімінің жетекшісі мен бас есепшісі істі болып, қамалған тұғын. Тергеу әлі жүріп жатыр. Жалпы үш жылда Талдықорған қаласы бойынша 4,6 млрд теңге мемлекет қаржысы жымқырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама