Дарынды балаларға қолдау көрсетіліп жатыр
Әлемдегі ең беделді пәндік олимпиаларда жеңіске жеткен оқушыларға 5 млн теңгеден берілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері 23 қазақстандық оқушы әлемдегі ең беделді 7 олимпиадаға қатысқан. Нәтижесінде олар 2 алтын, 11 күміс және 10 қола медаль жеңіп алған.
Бүгін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әлемді мойындатқан оқушылар және ұстаздармен кездесті.
Сіздер еліміздің көк туын жоғары көтеріп, математика, физика, химия, биология және география, информатика сияқты іргелі ғылымдар бойынша жоғары нәтижеге қол жеткіздіңіздер. Бұл ұстаздардың да орасан зор еңбегі мен жетістігі деп білемін. Сіздерді жеңіспен құттықтаймын, - деді ол.
Ведомство басшысы мемлекет дарынды оқушыларға жан-жақты қолдау көрсетіп жатқанын атап өтті.
Былтырдан бастап халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтерге біржолғы сыйақы төленді. Биыл әлемдегі ең беделді 7 олимпиадада жүлдегер атанған 23 оқушыға 65,5 млн теңге, ал 20 педагогке шамамен 6 млн теңге сыйақы берілді. Ең алдымен бұл мұғалімдер мен оқушылардың беделін арттыруға, отандық ғылымның болашақ жұлдыздарын қалыптастыруға мүмкіндік береді, - деді Ғани Бейсембаев.
Физикадан халықаралық олимпиаданың (IPhO) күміс жүлдегері Марғұлан Нұрсағатов білім сайысына дайындаған ұстаздарына алғыс айтты. Ол Алматы қаласындағы №165 мамандандырылған лицейде оқиды.
«Физиканың қыр-сырын үйретуге бар күш-жігерін салған мұғалімдеріме, маған қолдау көрсеткен ата-анама, бізге сенім артқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше алғыс айтқым келеді», – деді оқушы.
Айта кетейік, халықаралық олимпиадалардың (IMO, IphO, IChO, IBO, IGеO, IOI және IOL) жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қомақты сыйақы қарастырылған:
Сондай-ақ алтын медаль иегерін дайындаған педагогке базалық лауазымдық жалақының 26,5 еселенген, күміс үшін базалық лауазымдық жалақының 17,5 еселенген, қола үшін базалық лауазымдық жалақының 8,5 еселенген мөлшерінде сыйақы төленеді.