Сауль Альвареске үшінші жекпе-жекте Головкинді жеңу үлкен проблема болып тұр
Промоутер Эдди Хирн екінші орта салмақтағы абсолют әлем чемпионы мексикалық Сауль «Канело» Альварестің алдағы жоспарлары туралы мәлімдеме жасады.
Vesti.kz сайтында белгілі болғандай, ол «Канелода» енді екі таңдау ғана қалғанын, оның бірі Геннадий Головкинмен үшінші жекпе-жек болса, екіншісі өзі жақында сенсациялық түрде жеңіліп қалған ресейлік Дмитрий Биволмен реванш екенін айтты.
«Қазір Канелоның алдында екі нақты кездесу бар. Біріншісі - екінші орта салмақтағы «абсолют» атағы үшін Головкинмен трилогия, одан кейін Дмитрий Биволмен реванш. Себебі, «Канело» не болса да Биволмен рематч өткізеді немесе реванш бірінші болады.
Біз бәріміз де Биволмен жекпе-жек алдында Головкинмен үшінші кездесу «Канело» үшін оңай болады деп ойлағанбыз. Егер Сауль Альварес Дмитрий Биволды жеңгенде, онда трилогияда ол жеңіске ең басты үміткер болатын еді. Енді мексикалық ұтылған соң, оған біршама қиындық болады. Өйткені, үшінші жекпе-жекте Головкинді жеңу үлкен проблема болып тұр. Қазір Головкин қайта бабына келе жатыр. Ал Биволмен реванш «Канело» үшін қауіпті және қиын жекпе-жек болуы мүмкін. Реваншқа ол алғаш рет андердог мәртебесімен шығады», - деді Херн DAZN Boxing Show-ға берген сұхбатында.