Halyq Uni логотип
×

Қазақ күресі: Сауд Арабиясында балуандарымыз барлық жүлдені жеңіп алды

Ұлттық спорт алғаш рет Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарының бағдарламасына кірді

 Дастан Жұмабекұлы 27.10.2023 | 11:15
Қазақ күресі: Сауд Арабиясында балуандарымыз барлық жүлдені жеңіп алды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Сауд Арабиясының Ар-Рияд қаласында өтіп жатқан V Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында қазақ күресінен сынға түскен ұлттық құрама балуандарының бәрі жеңіске жетті.

Қазақстан дзюдо федерациясының хабарлауынша, ұлттық спорт түрлерінен бірқатар жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Оның ішінде қазақ күресі де бар. Қазақ күресі алғаш рет жауынгерлік өнер ойындарының бағдарламасына еніп, 5 салмақтағы мықтылар белгілі болды. Оның үшеуі ерлер, екеуі әйелдер арасындағы белдесуде анықталды.

Жұмажан Қожамбеков (75 кг), Мәди Амангелді (85 кг) мен Роза Нысантайқызы (70 кг) өз салмағында қасылас шақ келтірген жоқ. Ал финалда белдескен Нұр Аманшүкіров (65 кг) өзбекстандық спортшыға есе жіберді.

Жартылай финалда Рауза Нұрмұхамбетова (60 кг) жеңіліп, қола медаль үшін күресте қарсыласынан басым түсті.

Жалпы есепте Қазақстан құрамасы бірінші орын алса, Өзбекстан мен Қырғызстан екінші және үшінші орынға ие болды.

Жарыстан соң жеңімпаз Мәди Амангелді осы жеңісін Республика күніне арнайтынын, ал белдесуде әр салмақта кілең мықты балуандардың жиналғанын айтты.

Ең қиыны финал болды. Қарсыласым – тәжікстандық спортшы былтыр Астанадағы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алған. Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған. Жақсы күресіп шықты, – деді ол.

Жалпы қазақ күресінен Араб түбегі еліне 14 мемлекеттен 40 балуан жиналды. Онда Италия, Әзербайжан, Польша, Моңғолия, Грузия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Иран, Сербия, Үндістан, Нидерланд Корольдігі мен біздің балуандар күресті.

Қазақ күресімен былтырдан бастап айналысамын. Италиядағы қазақ күресі қауымдастығының президенті Витторио Джорджи мырзаның арқасында мені Астанадағы әлем чемпионатына қатысуға шақырды. Сол кезде қола медаль жеңіп алып, Италия ұлттық құрамасы сапына қосылдым әрі Сауд Арабиясындағы осы ойындардың жолдамасына ие болдым. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Осындай мүмкіндік сыйлаған ұйымдастырушыларға ризамын. Жаттығудан кейін шәкірттерімді де осы спортқа баулып жүрмін, – деді әйелдер арасында 70 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанған Мариасоль Моменте.

Сондай-ақ белбеу күресінде де Қазақстан спортшылары 2 қола жүлде иеленді. Нұрсұлтан Өтепбергенұлы (80 кг) мен Назерке Әбілтаева (55 кг) өз салмағында 3-орын алды.

Қазір Қазақстан спортшылары 5 алтын, 10 күміс, 13 қола медальмен жалпы есепте 7-орында келеді. Көш басында – Украина балуандары.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама