Қосымша зейнетақы жарналары кімге аударылады
Бұл шара қазақстандықтардың жас буынын қолдауға бағытталған
Келесі жылдан жұмыс берушілер өз есебінен қосымша зейнетақы жарналарын аударуға міндеттеледі. Бұл бастаманы үш жыл бұрын енгізуде жоспарлаған. Алайда президенттің тапсырмасымен кейінге шерегерілген болатын.
Sputnik Қазақстан жұмыс берушілер тарапынан аударылатын зейнетақы жарналары кімге және қандай көлемде болатынын зерделеп шықты.
5 жылда – 5 процент
Әлеуметтік кодекске сәйкес, 2024 жылы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен жұмысшылар үшін қосымша міндетті зейнетақы жарналарын аударады. Бас кезінде жарнаның көлемі жалақының 1,5 процентін құраса, 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен 5 процентке дейін көтеріледі.
2024 жылы - 1,5 процент;
2025 жылы - 2,5 процент;
2026 жылы - 3,5 процент;
2027 жылы - 4,5 процент;
2028 жылы - 5,0 процент;
Осылайша, жұмысшылардың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы есепшотында қосымша төлемдер түсіп тұрады.
Қосымша жарналарды енгізудің себебі не
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, бұл шара қазақстандықтардың жас буынын қолдауға бағытталған. Себебі олардың зейнетақы мөлшері зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болады.
Олардың зейнетақысы үш компоненттен: мемлекеттен базалық зейнетақы, жинақтаушы зейнетақы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар есебінен және шартты-жинақтаушы зейнетақы – жұмыс берушілердің жарналары есебінен құралады. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу, әсіресе, ынтымақты өтілі жоқ (1998 жылға дейін) немесе ынтымақты жүйедегі өтілі аз азаматтар үшін өзекті, - дейді министрлік мамандары.
Осылайша, азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету үшін мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің қатысуымен ортақ жауапкершілігі болады. Жарнаның көлемі қандай болады
Жұмыс беруші тарапынан аударылатын зейнетақы жарналарының ең төменгі және ең жоғары шегі бар. Ең төменгі шегі минималды жалақыдан кем болмауы керек. 2023 жылда бұл көрсетіш 70 мың теңгені құрайды. Ал келесі жылы 85 мың теңгеге дейін өседі. Демек, жұмыс берушілердің зейнетақы жарналары кем дегенде 1 020 теңге болуы шарт. Ал ең жоғары мөлшері 50 минималды жалақыдан, 4,2 миллион теңгеден аспауы қажет.
Заң бойынша жұмыс берушінің тарапынан аударылған зейнетақы жарналарын мұрагерлікке беруге, шетелге өзімен бірге алып кетуге, я болмаса, тұрғын үйді сатып алу үшін пайдалануға тыйым салынған. Оны тек жасына немесе мүгедектікке байланысты зейнетақы ретінде ғана алуға болады.
Қосымша зейнетақы жарналары кімге аударылады
Жұмыс берушінің тарапынан міндетті зейнетақы жарналары кем дегенде бес жыл аударылуы шарт. Сонда ғана оның есебінен зейнетақы алуға рұқсат беріледі.
Оған қоса, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары тек 1975 жылы 1 қаңтардан бастап туған азаматтар үшін ғана аударылады. Осы датаға дейін туғандарға қосымша зейнетақы жарнасы төленбейді. Себебі оларда ынтымақты зейнетақы алуға қажетті еңбек өтілі бар.
Зейнетақыны мөлшері
Сонымен, 1975 жылдан былай қарай туған азаматтардың зейнетақыны үш жерден алады.
Олар:
мемлекеттік, яғни, базалық зейнетақы;
өзінің зейнетақы жарналары есебінен;
жұмыс берушінің жарналары есебінен жиналған ақшадан;
Жұмыс берушінің зейнетақы жарналарынан жиналған ақшаны зейнетақы ретінде төлеудің өзіндік әдістемесі болады. Әлеуметтік кодекске сәйкес, оның мөлшері екі күнкөріс минимумынан аспайды. Биыл бұл көрсеткіш 40 567 теңгені құрайды. Оны елдің экономикалық жағдайына қарай жыл сайын көтеріп тұрады.
Айта кетері, зейнетақы жарналары есебінен төленетін зейнетақы таусылса да, мемлекеттік зейнетақы төлене береді.
Мемлекеттік зейнетақы қалай есептеледі
Қазақстанда базалық зейнетақы 2005 жылы енгізілген болатын. Ал 2018 жылдан бастап мемлекеттік зейнетақының көлемі әрбір адамның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне тікелей байланысты.
Биыл адамның зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл, одан аз немесе мүлдем болмаса, ең төменгі базалық зейнетақының көлемі күнкөріс минимумының 60 поцентін, яғни, 24 341 теңгені құрайды. Ал еңбек өтілі он жылдан көп болса, әрбір жыл үшін тағы 2 процент қосылады.
2025 жылдан бастап базалық зейнетақы күнкөріс минимумының 70 процентіне дейін көтеріледі.