Ол тәртіп сақшыларын балағаттаған
Астанада полицейлерге бағынбаған мас бұзақы 2 жылға сотталуы мүмкін, деп хабарлады Polisia.kz.
Елордадағы жедел басқару орталығына түнде Бөгенбай батыр даңғылы мен Желтоқсан көшесінің қиылысында 2 ер адамның төбелесіп жатқаны туралы ақпарат түскен.
Оқиға орнына патрульдік полиция шұғыл жетіп, мас ер адамдарды ұстаған. Тергеу барысында күдіктілердің бірі полицейлерге күш көрсетіп, әдепсіз сөздер айтқан. Тіпті, олар ескертулерге қарамастан полицияның заңды талабын орындаудан бас тартқан.
Бұзақының бірі билік өкілдеріне күш көрсеткен. Ол полицейдің жилеткасын жұлып алып, көзілдірігін сындырған. Тәртіп сақшылары оған қарсы күш қолдануға мәжбүр болған, - деп жазылған хабарламада.
Бүгінде күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полицияның талабын орындамай, оған күш көрсеткен 36 жастағы тұрғынның үстінен Қылмыстық кодекстің 380-бабы («Билік өкілін қорқыту немесе күш көрсету») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Егер күдіктінің кінәсі сотта дәлелденсе, оған 6 млн 9 мың теңге айыппұл (2 мың АЕК, 1 АЕК – 3 450 теңге) салынады немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, не бас бостандығын шектеу немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.