Қылмыстық топ Жамбыл облысынан басқа өңірлерге есірткі тасымалдаумен айналысқан
Күдіктілер қамауға алынды
Жамбыл облысында басқа өңірлерге есірткі тасымалдаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 22 қазанда Жамбыл облысының ПД қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Түркістан облысының аумағында Байзақ ауданының 33 жастағы тұрғынының басқаруындағы Алматыдан Ақтөбеге бағыт алып бара жатқан SCANIA R480 жүк көлігі тоқтатылған. Тінту барысында көліктен 4 қорап табылып, тәркіленді. Оның ішінде жалпы салмағы 5 келіге жуық марихуана болған.
Сол күні Байзақ ауданының тағы 3 тұрғыны есірткімен ұсталды. Олардың тұрғылықты жері бойынша тінту іс-шаралары кезінде марихуана мен гашиш салынған 9 қап табылып, тәркіленді. Тәркіленген есірткі құралдарының жалпы салмағы 140 келіден асады. Бұл аса ірі көлемге жатады.
Қылмыстық топқа қатысты ҚР ҚК 296-бабының 2-бөлігі және 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Ұсталған азаматтар Тараз қалалық ПБ уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр, – деп атап өтті Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары Нұржан Рахметуллаев.