Президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды
1 қарашада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыртуымен Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сапар аясында екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөнінде келіссөз жүргізеді. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды.
2 қарашада Астана қаласына Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан ресми сапар жасайды. Сапар барысында тараптар Қазақстан мен Мажарстанның сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастығын одан әрі кеңейтуге қатысты келіссөз жүргізеді деп жоспарланып отыр.
3 қарашада елордада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) мерейтойлық Х саммиті өтеді. Жиынға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер – Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан президенттері, сондай-ақ ТМҰ-ға бақылаушы мемлекеттер – Мажарстан мен Түрікменстан көшбасшылары қатысады.