IV Азия Пара ойындары: Қазақстан екі күнде қоржынға жүлдені толтырды

Дастан Жұмабекұлы

 Спортшылар бес күміс, тоғыз қола медаль алды

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан IV Азия Пара ойындарында Қазақстан спортшылары күміс және қола медальдер иеленді. Әуелі  пара дзюдошы Зарина Раифова  70 келі (J2) салмақта күміс жүлдегер атанды. Ол финалда қытай Ван Хуюнға есе жіберді. Одан кейін спорттың осы түрінен 90 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Жанбота Аманжол (J2) күміс медаль иегері атанды. Жанбота алтын жүлде үшін күресте  Оңтүстік Корея спортшысы Ли Джунгтен жеңіліп қалды.

Пара таэквондодан да еліміз бір күміс жүлде алды. Бұл медальге 80 кг салмақ дәрежесінде (К44) Нышан Өмірәлі ие болды. Ол финалда Ираннан келген спортшыға есе жіберді.

Ауыр атлетика жарысында да Қазақстан спортшыларына алтын жүлде бұйырмай қалды. Бұл сында 73 кг салмақта өнер көрсеткен Раушан Қойшыбаева  119 кг зілтемірді көтеріп, күміс медальді қанағат тұтты.  

Пара дзюдода Ерлан Өтепов пара дзюдодан күміс медаль алды. 90+ кг салмақта өнер көрсеткен спортшы финалда Моңғолиядан келген спортшы Ганбат Даштсерандан айласын асыра алмады.

Сенбі және жексенбіде Қазақстан қоржынына қола жүлде көптеп түсті. Алдымен велоспорттан  ерлер құрамасы сапындағы  Кенжеғұл Сейтжан мен Антон Лаврентьев мәреге 25 минут 19:49 секундта үшінші болып келіп, елімізге кезекті жүлдені сыйласа, одан кейін суға жүзуден Нұрәлі Советқанов жүлдегер атанды.

Ол 100 метр қашықтықты (брасс) 1 минут 11:72 секундтта жүзіп өтті.

Пара таэквондодан Мәриям Сәлімгереева, Нұрлан Домбаев пен Әлішер Гариполлаев да елге бір жүлдемен қайтатын болды. Мәриям 65 кг салмақта үшінші орын алып, құрмет тұғырына көтерілді. Нұрлан үшінші орын үшін болған жекпе-жекте Қытай спортшысы 8:6 есебімен жеңді. Жекпе-жек 80 кг (К44) дейінгі салмақ дәрежесіндегі таекондошылар арасында болды. Ал Әлішер J2  санаты бойынша 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Өзбекстанның өкілінен басым түсті.

Осы күндері парадзюдошылар да ерледі. Ғалымжан Смағұлұлы 80+ кг салмақ дәрежесінде жапон Чакир Итоны 34:11 есебімен жеңді.

Ерлан Қонкиев 90 келіден аса салмақта үшінші орын үшін болған жекпе-жекте қытай Пен Лиді 10:0 есебімен жеңсе, Талғат Әжғалиев те (J2 санаты) осы салмақ дәрежесінде индонезиялық спортшыдан айласын асырып кетті.

Пара жүзуде 4х50 метрге аралас кешенді эстафетада Қазақстан спортшылары мәреге үшінші болып келді. Бұл жарыста бірінші орынды Қытай, екінші орынды Жапония командасы иеленді.

Қазақстан құрамында Зульфия Габедуллина, Сиязбек Далиев, Наталья Звягинцева мен Айсұлтан Құлқаев сынға түсті.