6 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды
Елордалық әуежайда жүк ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Halyq
Астана қаласының халықаралық әуежайында соңғы уақытта жолаушылардың чемодандарын рұқсатсыз ашып, ондағы ақшалай қаражатын, алтын бұйымдарын және басқа да бағалы заттарын ұрлау жағдайларының өсуі тіркелді.
Мәселен 2023 жылдың тамызында «Астана – Ыстамбұл» бағытының жолаушысы ұшып келгеннен кейін чемоданынан 19 мың АҚШ доллары сомасында ақшалай қаражатының жоғалғанын анықтады. Жол жүгінен 7 800 АҚШ долларын ұрлау туралы дәл осындай өтініш «Астана – Дубай» бағытындағы әуе рейсінің жолаушысынан да келіп түсті.
Осыған байланысты, көлік полицейлері көлік прокуратурасымен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен әуе айлағында жүк тиеуші болып жұмыс істеген 6 адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады.