Қызылордада жаңа жылу электр орталығының іргетасы қаланды
Орталық 2025 жылдың тамыз айында ел игілігіне табысталмақ
Республика күні қарсаңында және Сыр өңірінің 85 жылдығына орай Қызылорда қаласында жаңа жылу электр орталығының құрылысы басталды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа нысанның іргетасын қалау рәсіміне қатысып, қызылордалықтарды қос мерекемен құттықтады.
Мемлекет басшысы 25 қазан – Республика күнін «қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған, бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн» деп атап өтіп, өткен жылдан бері ұлттық мереке ерекше мәнге ие болды. Ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке қарсаңында Сыр өңірінде көптеген игілікті істер атқарылып жатыр. Бүгін Қызылорда қаласындағы жаңа жылу электр орталығының іргетасы қаланады. Өткен жылдың тамызында «Акса Энерджи» компаниясы мен Энергетика министрлігі Қызылордада қуаттылығы 240 мегаватт, құны 215 млрд теңге болатын жаңа жылу электр орталығын салу туралы келісім-шартқа қол қойып, қыркүйек айында капсула салу рәсімі өткенінен барлығыңыз хабардарсыздар. Бұл салада мол тәжірибе жинақтаған «Акса Энерджи» компаниясы Америка, Еуропаның «Дженерал Электрик», «Сименс» және басқа да ірі компанияларына соңғы үлгідегі заманауи қондырғыларды дайындауға алдын ала төлем жасады, – деді әкім.
Оның айтуынша, бүгінге дейін «Акса Энерджи» компаниясы 76 млрд теңгеден астам инвестиция салып, қазақстандық «ИНТЕРТАСКО» компаниясын бас мердігер ретінде таңдаған. Жаңа станцияны «көгілдір отынмен» қамтамасыз ететін жобаның мердігері 16 қарашада анықталып, жыл соңына дейін құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері республика аумағындағы жылу электр өндіретін алғашқы ірі нысан біздің аймақта салынады! Бұл Сыр елінің инфрақұрылымдық дамуына жасалған айрықша мүмкіндік әрі ақжолтай жаңалық! Жаңа жылу электр станциясы тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынатын ең ауқымды, теңдессіз жоба екенін айтуға тиіспіз. Жобаның іске асуына ұйытқы болған Энергетика министрлігіне және мүдделік танытқан «Акса Энерджи» компаниясының басшылығына барша Сыр жұртшылығының атынан шынайы алғысымызды жеткіземіз! – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Орталық 2025 жылдың тамыз айында ел игілігіне табысталмақ. Бас мердігер «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясының тапсырысы бойынша 2016-2019 жылдары Атырау облысында қуаттылығы 310 МВт газ электр станциясының құрылысын жүргізді. Сонымен қатар, «Тенгизшевройл», «Шеврон», «Норд Каспиан Оперейтинг» компанияларында жұмыс атқарып жатыр.