Астанада коммуналдық қызмет саласының 200 қызметкері марапатталды
Олар мақтау қағаздары мен алғыс хаттар алды
Астананың Elorda Eco System компаниясында Республика күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Онда коммуналдық қызмет саласының еңбегімен ерекше көзге түскен қызметкерлері марапатталды, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Ұйымның үздік қызметкерлерін марапаттау рәсіміне Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов, еңбек сіңірген спорт шебері Серік Сәпиев, екі салмақ дәрежесінде төрт әлемдік рекорд иегері Илья Ильин, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Еран Каналимов қатысты.
Elorda Eco System ұйымы су бұру қызметтерін көрсету бойынша Астана мен қала маңындағы елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз етумен айналысады.
Баршаңызды келе жатқан Республика күнімен құттықтаймын! Еліміздің өркендеу жолына үлес қосқандардың барлығына алғыс айтамын. Бұл мереке бізді біріктіру арқылы ұлт рухын көтереді. Баршаңызға денсаулық, амандық және отбасылық бақыт тілеймін! – деп құттықтады Астана мәслихатының төрағасы Еран Каналимов.
Салтанатты іс-шара Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Естай Мұқашевтің орындауындағы «Қазақ елі» әнімен ашылды.
Біздің компания нөсер кәрізін тазарту мен күтіп ұстауға және қаланың тазалығына бағдарланған. Бүгін тамаша іс-шара өтті. Оның аясында біздің қызметкерлер грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды. Бәріміз қуаныштымыз, – деді Elorda Eco System заң бөлімінің қызметкері Үзілдік Дүйсеналинова.
Марапаттар 200 қызметкерге табыс етілді. Олар мақтау қағаздары мен алғыс хаттар алды. Осы салтанатты іс-шарада Elorda Eco System компаниясының қызметкерлері Айтмұхамбет Досманов, Медет Ахмедин мен Әбдіғали Қосжанов Астананың тазалығына баса мән беріп, жұмыстарын жақсы атқарып, әрқашан елге қызмет ететіндерін айтты.