Құрметті атақ биылдан бастап енгізілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Халық әртісі мен Халық жазушысын наградтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ұлттың руханиятын дамытып, рухын көтеруге қаламгерлеріміз ерекше ықпал етеді. Бұған дейін «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы бастама көтерілді. Мен Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайдың отырысында осы ұсынысқа қолдау білдірдім. Құрметті атақ ширек ғасырдан соң жазушыларымызға қайта беріле бастайды. Төл әдебиетімізді дамытуға зор үлес қосқан бір топ көрнекті қаламгер бүгін «Қазақстанның Халық жазушысы» атанды. Менің тапсырмаммен «Қазақстанның Халық әртісі» атағы да қайтарылды. Бұл атақ бұрынғыдай театр, кино, музыка және тағы басқа өнер саласының елімізге танымал тарландарына беріледі, – деді президент.
«Қазақстанның халық жазушысы» атағын Т.Әбдікұлы, С.Елубаев, Б.Нұржекеев, С.Сматаев, А.Аширов және Л. Шашкова иеленді.
Сондай-ақ «Қазақстанның халық әртісі» наградасымен еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері, театр және кино актерлері Д.Ахимов, М.Токарев пен Д.Ақмолда, опера әншілері Ш.Әбілов пен Т.Күзенбаев, атақты әншілер Р.Стамғазиев, Д.Құдайберген және күйші А.Үлкенбаева марапатталды.