Бүгін ол бас жүлде үшін Ресей спортшысы Башир Магомедовпен күреседі
Албанияның астанасы – Тирана қаласында өтіп жатқан еркін күрестен (U23) әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрама командасының балуаны Асылжан Есенгелді финалға шықты.
Ол 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде аса тартысты өткен жартылай финалда Қырғызстанның бозкілем шебері Тайырбек Жумашбек уулудан басым түсті. Оған дейін Асылжан Есенгелді бірінші белдесуінде жапон Каито Моританы, ширек финалда үнді балуаны Акаш Дахияны жеңді.
Бүгін отандасымыз бас жүлде үшін Ресей спортшысы Башир Магомедовпен күреседі.
23 жасқа дейінгі грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресінен өтіп жатқан әлем чемпионатына елімізден 30 спортшы қатысып, 10 салмақ дәрежесінде күш сынасып жатыр. Бұл додаға 55 келі салмақта грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған Исхар Курбаев та қатысуда. Ол биыл 20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алған болатын. Ал жалпы 23 жасқа дейінгі спортшылардың әлем чемпионаты 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Әзірше Қазақстан құрамасынан әлем чемпионы шықпай тұр.